Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс орталығында агрохимиялық зертхана ашылды

Облыс орталығында агрохимиялық зертхана ашылды. Ол ел бойынша алғашқы толық автоматтандырылған топырақ зерттеу орталығы болып саналады. Мұнда мамандар топырақтың құрамындағы 6 элементке талдау жасап, сапасын анықтайды.

Ел бойынша мұндай толық жабдықталған зертхана жалғыз десе де болады. Енді, облыс аграрийлері өз алқаптарындағы тоапырақтың құнарлылығын осы орында зерттейді. Заманауи құрылғымен жабдықталған екі бірдей көлік топырақ сынамасын 20, 30 және 60 см тереңдіктен алуға мүмкіндік береді.

Марат Тасмағанбетов – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Бұл – Қазақстанда ашылған алғашқы агрохимиялық зертхана. Жобаны іске асыру үшін 600 млн теңге жұмсалды. Біздің облыс аграрлы аймақ екенін жақсы білесіздер. Елімізде жиналатын астықтың 25 пайыздан астамы біздің өңірде өсіріледі. Қазіргі күні астықтың сапасы мен көлемін арттыру үшін ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл – ашылып жатқан зертхана соның дәлелі.

Гүлжаһан Бимендина – ҚР АШМ жер ресурстарын басқару комитетінің төрайымы:

– Зертханада жасалған зерттеу жұмыстары астыққа қажетті заттарды дәл анықтауға мүмкіндік береді. Осындай автоматтандырылған нысандар еліміздің әр өңірінде ашылуы тиіс. Мұны Ауыл шаруашылығы министрлігі қолдайды. Осында тындырылған істің арқасында шаруалар жерді тиімді пайдаланатын болады. Себебі, бұл қазіргі таңда аса маңызды.

Заманауи зерттеу нысаны 20-дан астам шетелдік технологиямен жабдықталған. Мұнда топырақтың құрамының барлық көрсеткіштері бойынша сынама жасалады.

Алмагүл Қалиасқарова – «Agro Lab» ЖШС зертханасының меңгерушісі:

– Бұл зертханада топырақтың азот, фосфор, калий, күкірт мен гумус сияқты маңызды элеметтеріне сынама жасалады және қышқылдығы тексеріледі. Осылайша біз аграрийлерге жерге қанша көлемде минералды тыңайтқыш себу керек екені жайлы нақты кеңес береміз. Бұл, әрине, ауылшаруашылығы өнімдерінің шығымдылығын арттырады.

Мұнда тәулігіне 1500-дей талдау бен 280 сынама жасалады. Барлығы автоматтандырылған. Бүгінгі күні Нидерланды елінен келген азаматтар қондырғыларды орнатып, жергілікті мамандарға заманауи техниканың тілін үйретуде. Сондай-ақ, бұл жерде 10 агроном қызмет етіп жатыр. Талдау жасамастан бұрын олар егістіктегі топырақ үлгілерін реттеп алады. Кейін осындай кабинеттердің ішінде оған толық зерттеу жүргізеді.

Ксения Рябкова – «Agro Lab» ЖШС зертханашысы:

– Мына жерде топырақтан сульфат пен нитратқа сынама алынады. Мен топырақты осылай сүзгіден өткізіп аламын. Кейін оны арнайы ерітіндімен араластырып, құрамындағы күкірт пен азотты анықтаймыз. Егер аталған элементтер топырақтың құрамында болмаса жерге минералды тыңайтқыш себу керек.

Мемлекеттен субсидия алу үшін шаруаның қолында жердің химиялық анализі жайлы құжат болуы керек екен. Сол себепті, бұл ретте мына зертхананың диқандарға берер пайдасы көп болмақ.

 

 

Бердимурат Баймухан