Мәдениет

Ақын Татьяна Пенькошинаның шығармашылық кеші өтті

Облыс орталығында ақын Татьяна Пенькошинаның 22-ші шығармашылық кеші өтті. Мерейтойлық шара Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылған.

Бұл – Татьяна Пенькошинаның Елбасымызға арнаған өлеңі. Туындының атауы – “Қазақстан – менің тағдырым”. Ақын көптеген жылдар бойы Тұңғыш Президентке арнап біраз еңбектер жазған көрінеді.

Жалпы, Татьяна Пенькошина бала кезінен шығармашылықпен айналысады. Осы уақытқа дейін ол талай туындыны дүниеге әкелген екен. Ақынның шабыты оянса, кез келген тақырыпта қалам тербейді.

Татьяна Пенькошина – ақын:

– Мен түрлі тақырыптарда өлең жазамын. Шығармаларымның арсында көп кездесетіні Ұлы Отан соғысы жайлы. Ал 1997 жылы алғаш рет Елбасымызға арнап өлең жаздым.

Бүгінгі шараға ақынның әріптестері, үзеңгілес достары қатысуда. Жиналғандар Татьяна Пенькошинаның туындыларын ұйып тыңдауда. Облыстық ардагерлер клубының төрайымы Антонина Полищук кеш иесімен 3 жыл бұрын танысыпты.

Антонина Полищук – облыстық ардагерлер клубының төрайымы:

– Татьяна Пенькошинаның өлеңдерін алғаш рет 3 жыл бұрын естідім. Ақынның шағармашылығы маған қатты ұнады. Ол – тамаша жан. Туындылары да керемет. Оның өлеңдері өте әсерлі, жүрекке жетеді.

Айта кетейік, бұл – Татьяна Пенькошинаның 22-ші шығармашылық кеші.

Ешкенова Дана