Қоғам

Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі

Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі. Петропавлда имамдардың 3-ші облыстық форумы өтті. Мұнда өңірдің барлық аудандарынан келген дін өкілдері мен жастар қатысты. Жиында «Жеті рухани қазық» атты Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы талқыланды.

«Жеті рухани қазық» деп аталатын Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы осыдан бір ай бұрын жарыққа шықты. Оны діни басқарма елордада өткен 3-ші республикалық имамдар форумында көпшілікке таныстырып, құжат қылып бекітті. Асыл дініміздің құндылықтары жазылған тұғырнама 7 бөлімнен тұрады. Оның ішінде имандылық, отансүйгіштік, білімділік, ауызбіршілік пен әділдік сияқты маңызды тармақтар бар.

Камалжан Тұрдыбаев – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бөлім меңгерушісі:

 – “Рухани қазық” тұғырнамасы халықты имандылыққа шақыру, діни сауаттылығымызды арттыру, елге қызмет ету, адал кәсіп істеу сияқты бағыттардан тұрады.

Исламдағы басты парыздардың бірі – білім алу. Мемлекетіміздің құраушы күші оның азаматтары десек, әр адам бәсекеге қабілетті болу үшін үздіксіз дамып, өз білімін жетілдіріп отыруы тиіс. Сонда ғана еліміз өсіп, өркендей түседі. Абай атамыз да кезінде «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» деп білім алуға үндеген.

Жанар Таласпаева – М. Қозыбаев атындағы СҚУ академиялық мәселелер жөніндегі проректорының міндетін атқарушы:

 –  Қазіргі таңда қоғам үздіксіз дамып жатқан шақта ақыл-ойы озық, білімі мен біліктілігі жоғары, ұлттық рухы күшті жастарды тәрбиелеу қажеттілігі күн өткен сайын артып отыр.

Форумға өңіріміздің 20-ға жуық имамы қатысты. Және шараға жиналған студенттер имандылық пен патриоттық рух жайында насихат тыңдап, рухани құндылықтардан нәр алды.

 

 

Бердимурат Баймухан