Аптадағы маңызды жаңалықтар

Киров зауыты ноутбук жинауға кірісті

Петропавлда ноутбук шығарылады. Киров атындағы зауыт жыл басынан қытайлық компаниямен келіссөз жүргізіп, гаджеттерді құрастыруды қолға алған болатын. Жазда жергілікті инженерлер аспан асты еліне тәжірибе жинақтауға барса, енді шетелдік мамандар Петропавлға келді. Қос тарап бірлесіп, алғашқы 50 бірдей сынамалық ультрабук құрастырды.

Әдетте, Киров зауыты дегенде қызу жұмыс істеп жатқан қондырғылар мен тарс-тұрс кеткен дыбыс ойыңа келеді. Қазір кәсіпорындағы атмосфера сәл өзгешелеу. Қарашаның 21-інен бастап мұнда қытайлық әсем әуен ойнап тұр. Зауыт жуырда ноутбук жинауды қолға алған болатын. Жаңа технологияны меңгеруде жергілікті мамандарға қытайлық әріптестері көмекке келген екен.

Рэйна Хуанг – China Greatwall Technology Group компаниясының өкілі. Қытайдың іргелі кәсіпорындарында жұмыс істейтін нәзікжанды осыған дейін Тайланд пен Индияда өз тәжірибесімен бөліскен. Енді, солтүстікқазақстандық инженерлерді үйрету үстінде. Аспан асты елінен келген маман жергілікті әріптестерімен бірге 50 бірдей гаджетті құрастырыпты. Шаруаны бастан-аяқ өзі қадағалауда.

Рэйна
Хуанг – «China greatwall technology group co.,Ltd» сату бойынша менеджері:

– Іске келген күннен бері кірістік. Барлық бөлшектер мен технология біздің компанияға тиесілі. Мақсатымыз – осы біліммен жергілікті мамандармен бөлісу. Жұмысшылардың біліктіліктері жоғары, айтқанды бірден қағып алады. Қайталаудың қажеті жоқ. Әрі ағылшын тілін де біледі. Сондықтан, түсіндіру барысында қиындық туындамады.

Бөлшектер, плата мен қорап және бар болғаны – 25 минут. Ультрабукты іске қосу үшін жарты сағаттай ғана уақыт қажет екен. Бұл егер адамның өзі құрастыратын болса, әрине. Егер шаруаны қондырғыларға жүктесе, гаджеттер бірінен соң бірі тез әзірленбек. Алайда, жергілікті мамандар бұл технологияны енді ғана меңгеріп жатқандықтан, істі өздері атқару үстінде. Кішкентай бөлшектерді жинау Дмитрий ДемьЯненко үшін таңсық дүние емес. 8 жыл бойы Киров зауытында еңбектеніп жүрген азаматтың осыған дейін де мұндай тәжірибесі болыпты.

Дмитрий Демьяненко – «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ инженер-жөндеушісі:

– Біз «Отау ТВ-ға» арналған спутниктік приставкаларды құрастырған болатынбыз. Сондықтан, жұмыстың жалпы мәнісін білеміз. Алайда, ноутбукті жинағанда сәл қиындық туындады. Себебі, бөлшектері тым кішкентай. Шаруаның барысында аса ұқыптылық таныту қажет. Істің мән-жайын Қытайдан келген әріптестеріміз түсіндіріп берді. Бірлесіп ультрабуктерді іске қосып, тексерістер өткіздік.

Тексеріс ноутбуктің бірнеше батырмасын басып қана қоюмен шектелмейді. Алдымен, гаджет іске қосылғаннан соң 30 рет қайта жүктеледі екен. Кейін бірнеше тестіден өтеді. Заман игілігіне арналған бұл «емтихан» сәтті тапсырылса, тағы 30 мәрте қосылып, сөндіріледі. Бұнымен де іс бітпейді. 4 сағатқа созылатын видео қосылады. Тексерістің аталған кезеңдерін ультрабук өзі атқарса, қалғаны мамандардың мойнына артылады. Жұмысшылар гаджеттің әрбір қызметін тексереді. Осылайша, бір ғана дербес компьютерді «қолданысқа дайын» деп табу үшін 6 сағат уақыт жұмсалады екен.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Ал бұл – алғашқы жинақталған ноутбуктердің бірі. Заман игілігі қажетті тексерістерден өтіпті. Яғни, қолданысқа дайын. Ультрабуктың салмағы 1,3 келіні құрайды. Гаджет мектеп оқушылары мен студенттердің жұмыс істеуіне қолайлы болмақ. Сондай-ақ, мұнда кино көріп, музыка тыңдап, соңғы жаңалықтардан хабардар болуға мүмкіндік бар.

Қуантарлығы сол, халық игілігіне тапсырылатын бұл гаджеттерде жергілікті кәсіпорынның логотипі бар. Әрі компьютердің сипаттамасында Киров зауытында жиналғандығы туралы ақпарат бар. Алдағы уақытта өңірдің алдыңғы қатарлы өндіріс ошағы бұдан да қуатты ультрабуктерді әзірлемек.

Алмат Шәкенов – «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ маркетинг бөлімінің басшысы:

– Ноутбуктерді жинауды бір жолға қою ісі 3 кезеңнен тұрады. Қазір ең біріншісі жүзеге асырылып жатыр. Яғни, біз дайын бөлшектерден құрастырудамыз. Екінші кезеңінде біз әріптестерімізден бос платаны алып, оны өзіміз әзірлейтін боламыз. Ал үшіншісінде плата шығаруды да қолға аламыз. Осылайша, жергілікті жерде жиналатын гаджеттердің бағасы төмендеу болмақ.

Ультрабуктің құрылысы толық меңгерілгеннен кейін кәсіпорын жүйелік блоктарды құрауға кіріседі екен. Планшет жасауды игерудің де де ауылы алыста емес дейді зауыт өкілдері.

 

 

 

Эльмира Садвокасова