Құқық қорғау органдары

Дөңгелектің маусымдық тысын ауыстырмағандар айыппұл төлейді

Темір тұлпар иелері желтоқсан айына дейін жазғы дөңгелектерін қысқыға ауыстырып үлгерулері тиіс. Жалпыға ортақ талап еленбеген жағдайда тәртіп бұзушы жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады дейді полицейлер. Оларға 12 мың теңге және одан көп көлемде айыппұл салынуы мүмкін.

Бұл – қаладағы көлік дөңгелектерін ауыстыратын орындардың бірі. Қазір мұнда – қызу жұмыс. Жүргізушілер бірінен соң бірі келіп, темір тұлпарларының жазғы шиналарын қысқыға ауыстыруда.

Ол үшін ең алдымен дөңгелекті арнайы автоматта жуып алады. Кейін желін шығарып, маусымдық тысын ауыстырады. Содан соң оның беріктігін, салмағы мен ішкі қысымын тексереді. Мамандар әр машинаға кем дегенде 15 минут уақыт жұмсайды.

Шинаны қалай таңдаған жөн? Ол үшін жүргізушілер алдымен жердің климаттық ерекшелігі, көліктің маркасы мен жүк көтергіштігін ескеруі қажет.

Евгений Черепанов – шина монтаждау орнының әкімшісі:

 – Негізі шиналардың екі түрі болады: тікенекті және тікенексіз. Біздің өңірімізде көбінесе тікенекті тыстарға сұраныс жоғары. Себебі, бұл дөңгелектер қысы қатал әрі көктайғақ жиі болатын климатқа ыңғайланып жасалған.

Тағы, жүргізушілер көліктің 4 дөңгелегін бірден алмастыруы керек. Бұл заңдық тұрғыда әр жүргізушіге міндеттелген. Себебі, кейбір темір тұлпар иелерінің арасында немқұрайлылық танытып, машинаның тек алдынғы жақтағы дөңгелектерін ауыстыратындары бар. Салдарынан көктайғақта көлігіне ие бола алмай, жолдың шетіне шығып кететін жайттар кездеседі.

Евгений Черепанов – шина монтаждау орнының әкімшісі:

– Сондай-ақ, кейде жүргізушілер ескі дөңгелекті қайта салып беруді өтініп жатады. Оны іске асыруға болады. Бірақ, ең алдымен шинаның жағдайына аса мән берген жөн. Сол себепті, тұрғындарға бірінші мамандардың кеңесіне жүгінген дұрыс болар еді.

Қысқы маусымдық шиналарын ауыстырмаған көлік иелеріне жауапкершілік қатаңдай түспек. Тәртіп сақшылары темір тұлпарлардың шиналарындағы M, S белгісі мен бұдырының тереңдігі 4 мм-ден кем болмауы тиіс дейді.

Баян Байғаскина – СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы:

– Аталған талапты орындамағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 590-бабы 5-ші бөлімі бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Яғни, 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төленеді.

Ережені елемеу бір жылдың көлемінде тағы қайталанса айыппұл 20 АЕК-ке дейін еселей түспек. Осы ретте темір тұлпар иелеріне жалпыға ортақ қағиданы қаперлерінде ұстағаны жөн.

– Көлігімнің дөңгелектерін күн суытып, қар жауа бастаған бірден ауыстырдым. Өйтпесе, шинаның тікенектері қара жерге сүйкеліп, желініп қалады.

– Мұндай көктайғақта жазғы шинамен жүрген өте қауіпті ғой. “Сақтықта қорлық жоқ” демекші, өзім дөңгелектерді күздің басында ауыстырып қойғанмын.

Актолкын Солтанханкызы