Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні аталып өтілді

Солтүстіктің даласын сары алтынға толтырған жандар! Бүгін облыс орталығында ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні аталып өтілді. Салтанатты жиында еңбегімен ерекшеленген маңдайалды мамандар түрлі дәрежедегі марапатқа ие болды.

Жұмыс кабинеті, астық сақтау қоймасы, ырыс дәні себілген алқап! Әдетте агроөнеркәсіптік кешен өкілдерін осы жерлерде кездестіреміз. Ал бүгін мүлде басқа жағдай. Сала өкілдерімен қаламыздағы мейрамханалардың бірінде жүздестік. Дүйім жұртты ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күнімен облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтап, өзінің алғысын білдірді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ауа райының қиындығына қарамастан биыл біздің диханшылар әрбір гектардан 18 центнерден өнім жинап алды. Жалпы, облыс бойынша 5 млн тоннадан аса астық жиналды. Бұл – осы жерде отырған адамдардың және ауылдағы қарапайым тракторшылардың, шопырлар, агрономдардың арқасы. Осы еңбектеріңіз үшін мен алғысымды айтқым келеді.

Құмар Ақсақалов өз сөзінде ауыл шаруашылығына инвестиция тарту бойынша СҚО көшбасшы екендігін жеткізді. Соңғы 10 айдың ішінде жері құнарлы, шөбі шүйгін өлкеге 86 млрд теңге құйылыпты. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 31 пайызға көп. Өлкемізде сүт-тауарлық фермалардың да саны артуда. Келесі жылы заманауи нысанның 10-ы салынбақ. Енді салтанатты шараға келейік. Мерекеде әр жыл сайын маңдайалды мамандар марапатталады. Биыл да ондаған адам құрметке бөленді. Мұрат Тиштин Ақжар ауданынан келіп отыр. Ол – “Шалқар” шаруа қожалығының механизаторы. Азаматқа облыс әкімі Құмар Ақсақалов алғыс хатын табыс етті.

Мұрат Тиштин – “Шалқар” шаруа қожалығының механизаторы, Ақжар ауданы:

– Механизатор болып жұмыс істеп жүргеніме 30 жылдан асты. Ақжар ауданындағы Бостандық деген ауылданмын. Мынау менің бірінші марапатым. Өте қуаныштымын.

Ал “Жарық-2005” серіктестігінің директоры Мұрат Нұғыманов Ауыл шаруашылығы министрлігінің “Еңбек ардагері” медаліне лайық деп танылды. Жер емген диханның жалпы еңбек өтілі 45 жыл құрайды екен.

Мұрат Нұғыманов – “Жарық-2005” ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Агроном – үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Біз дәнді еккеннен оны жинап алғанша дейін тынымсыз еңбек етеміз. Одан кейін де атқарар жұмысымыз ауқымды. Себебі, халыққа сапалы, мол астық дайындауға міндеттіміз. Өзім осы кәсіпті таңдағаныма еш өкінбеймін.

Бүгінгі жиында аталым иегерлері де марапатталды. Біржан Шәймерденов «Ауылды дамытқаны үшін» номинациясында жеңімпаз атанды. Ол биыл 90 жылдық мерейтойын атап өткен “Дайындық” ауылының берекесін келтіріп отыр. Мәселен, үстіміздегі жылы азамат туған еліндегі 2 көшеге асфальт төсепті. Іске 53 млн теңге жұмсаған екен. Оның үстіне 3 үй салып, иелеріне тапсырған. Жақында мал өсіру кешенін ашпақшы. Әрі осы маусымда Біржан ағамыз рекордтық астықты қамбаға құйған.

Біржан Шәймерденов – «Дайындық» ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

– Биыл 20 жылда алмаған астықты алдық. Бір гектардан 35 центнер бидай жинадық. Биылғы жыл біздер үшін өте қолайлы жыл болды.

Салтанатты жиында бұдан өзге де аталым иегерлері марапатталды. Кеште әнші-бишілер де өнер көрсетіп, мерекенің сәнін келтірді.

 

 

Култанов Байболат