МТРА жаңалықтары

Тұмаудың алдын алу жолдары

Жыл басынан өңірде 900-ге жуық тұрғын жедел респиратОрлық вирустық инфекция жұқтырған. Ал тұмаумен сырқаттанудың 1 фактісі тіркеліпті. Негізінен, мамандар эпидемиологиялық жағдайды бірқалыпты деп бағалауда. Десе де, тұмаудың алдын ала білген жөн.

Қыста қымтанып жүру бір бөлек, иммунитеттің де шама-шарқын таразылаған жөн. Өйткені, тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекция белең алса, әп-сәтте жұқтырып алу қаупі бар. Ақ халаттылар сырқаттың алдын алудың сенімді тәсілі – екпе егу дейді. Осы ретте биыл өңірде ресейлік “Гриппол+” вакцинасының 60 мың дозасы сатып алынған болатын.

Нұрлан Айманов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Оның бәрі тәуекел тобындағы жерлестерімізге республикалық бюджет есебінен тегін егілді. Бұл топқа жүкті әйелдер, 18 жасқа дейінгі балалар, мүгедектер, зейнеткерлер мен диспансерлік есепте тұрған жандар кіреді.

Дәрігерлердің айтунша тұмау ауруының алғашқы кезеңі тез басталады. Инкубациялық мерзім бір-екі күнге созылады. Кейін адамның дене қызуы жоғарылап, басы ауырады, әлсіздік пайда болады. Тұмауды жұқтырып алмас үшін сақтық шараларын қолға алған жөн. Мәселен, отырған бөлмені үнемі желдетіп отыру қажет. Ал адамдар көп шоғырланған жерлерге баратын болсаңыз, онда маска киіп не мұрынға арнайы жақпамай жағып шығу керек дейді мамандар.

Жанель Әлжанова, дәрігер-терапевт:

– Профилактикалық әдістердің бірі тұмаумен науқастанған адамдармен қарым-қатынасты шектеу. Және адамдар көп жиналатын жерлерге бармай, маусымға сәйкес киіну қажет. Егер үйдің бір мүшесі тұмаумен ауырып қалатын болса, бөлмесін жиі желдетіп, науқасқа жеке ыдыс бөліп, оны тұрақты түрде жуып тұру қажет. Бір сөзбен айтқанда, барлық гигиеналық талаптарды орындау керек.

Жуырда өңірде тұмау жұқтырудың бір фактісі тіркеліпті. Сырқат екпе егілмеген баладан анықталған. Қазір 7 жасар балғын барлық ем-дом шараларын қабылдауда.

Жалпы, мамандардың айтуынша биыл тұмаурату фактілері былтырғының сәйкес мерзімімен салыстырғанда әлдеқайда аз. Бұған солтүстікқазақстандықтардың вакцинаға деген көзқарасының өзгеруі де себеп болған көрінеді. Өйткені, қазір жоспарлы екпені көпшілігі уақытында алуға тырысады екен әрі тұрғындар вакцинаға ғана сүйеніп қалмай, өзге де тиімді деген іс-шараларды қаперге алады.

– Өз басым екпені жыл сайын қойдыртамын. Биыл да вакцина алдым.

– Жиі таза ауада серуендеймін. Спортпен шұғылданамын.

– Малина, лимонмен шай ішу керек.

Айта кетейік, қазіргі таңда тегін ұсынылған 60 мың вакцина толығымен игерілген. Енді теріскейліктер екпені ақылы түрде ғана ала алады. Оның кұны шамамен 2 мың теңгені құрайды.

 

 

Ешкенова Дана