Бизнес және экономика

Республикалық іскер әйелдер кеңесіне – 5 жыл

Биыл республикалық іскер әйелдер кеңесіне – 5 жыл! Айтулы датаға орай Оқушылар сарайында ауқымды конференция өтті. “Даму уақыты” атты жиынға өңіріміздің түкпір-түкпірінен жиылған және өзге өңірлерден келген меймандар қатысты. Олар кәсіпкерлік тақырыбында өзара пікір алмасты, білген-түйгендерімен бөлісті. Сондай-ақ, шара барысында байқау жеңімаздары марапатқа ие болды.

Елімізде іскер әйелдер кеңесі 2015-те құрылды. Биыл ұйымның жұмыс істеп жатқанына – 5 жыл. Бұл уақытта біраз белес бағындырылыпты. Мысалы, Қазақстанда кәсіптен нәсіп тауып жүрген азаматшалардың саны еселеп артқан. Әлі де көбейту қажет. Оның үстіне нәзікжандылардың білімдерін, шеберліктерін арттыру керек. Осы мақсатта бүгінгі конференция да ұйымдастырылып отыр. Шарада іске енді кіріскен қыз-келіншектерге білікті мамандар ақыл-кеңестерін беруде.

Айтықан Қалғаева – СҚО кәсіпкерлер палатасы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы:

– Бүгінгі жиында кәсіпкерлер көрмені көреді. Тағы мастер-класс, тренинг болады. Басқа облыстан келген белсенді жандар, кәсіпкер әйелдер өздерінің тәжірибелерімен бөліседі.

Конференцияда бизнесвумендар ғана емес, өз ісінің жілігін шағып, майын ішкен ер азаматтар да сөз алды. Эмин Әскеров – әлеуметтік кәсіпкер. Ол мүгедектерді, аз қамтылған отбасылардың өкілдерін, балалар үйі тәрбиеленушілерін және жазасын өтеп шыққандарды оқытады. Бүгінгі дейін 700 адамға білім беріпті. Қазір олардың 40-тан астамы жеке бизнеспен айналысып жүр екен.

Эмин Әскеров – әлеуметтік кәсіпкер, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Әлеуметтік кәсіпкерлікпен 5 жылдан бері айналысып жүрмін. Қазақстанның қалаларын аралап, іс бастауға ниетті жандармен кездесемін. Оларға қаржыны қайдан және қалай алу керек, неден бастау қажеттігін түсіндіремін. Әрі елордада әлеуметтік кәсіпкерлік мектебі де бар. Алдағы уақытта мұндай білім ошағын СҚО-да ашқымыз келеді.

Жиналғандар көрмеден де мол мағлұмат ала алады. Мұнда “Бастау” бағдарламасы бойынша оқыған және оқып жатқан жандар жиналыпты. Олар келушілерге істі қалай бастағандарын, адамдармен қалай жұмыс істеу қажеттігін түсіндіруде. Қолөнер бұйымдарын да таныстыруда.

Аслан Баймашев менталды арифметика мектебіне барады. Ол қазір екі, үш таңбалы сандарды бір-біріне оңай қосып-алады. Мұндай жетістікке оқушы Аяжан Әскерова атты бойжеткен ашқан білім ошағының арқасында жетіпті.

Аяжан Әскерова – менталды арифметика мектебінің директоры:

– Мектебіміз қыркүйек айынан бастап жұмыс істеп жатыр. Қазір 20 шақты бала білімдерін толықтыруда.

Өңіріміздегі азаматшалар кәсіппен ғана айналыспайды, қоғамдық іс-шараларға ғана да тұрақты түрде араласады. Қазір осындай жандардың арқасында біраз шаруа тындырылып жатыр.

Сәуле Жантілесова – СҚО кәсіпкерлер палатасы іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, Аққайың ауданы:

– Мен белсенділердің қатарына ақпан айында қосылдым. Біз аудандарды аралаймыз. Онда қыз-келіншектерді жиып, кәсіпкерлік туралы түсіндіреміз. Мемлекеттен жасалған мүмкіндіктерді айтамыз. Әрі өз тәжірибемізбен бөлісеміз. Өзім кәсіпкермін. Аққайың ауданының орталығында фитнес залым бар. Әрі мал шаруашылығын да қолға алдым.

Жалпы, бүгінгі күні облыстық іскер әйелдер кеңесіне 120 адам мүшелік етеді. Оның он шақтысы қатарға биыл қосылыпты. Жерлестеріміздің 35-і белсенді саналады. Жиын соңында “Алтын сөз” және “Жомарт жүрек” байқауларының жеңімпаздары марапатталды.

 

Култанов Байболат