ТКШ

Көшелерді қардан тазарту

Соңғы 2 күнде өңірде 9 мм-ге дейін қар түсті. Бұл кей аумақтарда онкүндік норманы құрайды екен. Қазір іске жауапты мамандар облыс орталығының көшелерін ақ ұлпадан тазалап жатыр. Негізгі шаруа кешкі 10 мен таңғы 6 аралығында жүргізіледі. Күндіз де біраз жұмыс тындырылады.

Байболат Бектемірұлы:

– Бүгін Петропавлдың көшелерінде, үй аулаларында қолдарына күрек, сыпырғыш ұстаған жандар көп жүр. Олар маңайды қардан тазартып жатыр. Ақ ұлпа аса қалың емес. Бірақ, соның өзінде жүруге кедергі келтіреді.

Әрине, жастар жағына аса қиын емес. Олар мұндай ауа райында діттеген жерлеріне еш қиындықсыз жетері анық. Ал қарттар мен мүгедек адамдар үшін жүріп-тұру біраз машақат тудырады. Бұл пікірмен қала тұрғындары да келісіп отыр.

– Қар жауып тұр. Бұл өте әдемі. Мұны уақытылы тазартып тұру керек. Себебі, қар мүгедек адамдардың, егде жастағы жандардың жүріп-тұруына қиындық тудырады.

– Мына көшелер қардан үнемі тазаланып тұруы қажет. Әрі көктайғақтың алдын алу керек. Әділет басқармасының маңы мұз. Жүру өте қиын.

Коммуналдық қызмет жұмысшылары бел жазбастан қар тазалап жүр. Олар іске кеше түнде кірісіпті. 12 кәсіпорынның 70-ке жуық өкілі техникаларымен кешкі 10-нан бастап таңғы 6-ға дейін көшелер мен тротуарларға механикалық тазарту жүргізген. Яғни, ақ ұлпаны жолдың қос қапталына шығарған екен. Мұндай іс бүгін де жалғасын тапты. Арнайы көліктердегі жандармен қоса “Коммунхоз – Петропавл” серіктестігінің 200 тарта қызметкері өздеріне жүктелген міндетті орындады. Жауапты шаруа алдағы уақытта да тындырылып отырады.

Дулат Шәріпов – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Негізгі шаруа түнгі уақытта жүргізіледі. Бұл кезде тұрғындардан көліктерін көше бойында емес, аулаға қоюларын сұраймыз. Өйткені, жол шетіндегі машиналар коммуналдық қызметтердің ісіне кедергі келтіруі мүмкін. Қар қалың түскен жағдайда жаппай шығару жұмыстарын бастаймыз.

Таңғы, күндізгі уақытта мамандар көшелерге, аялдама маңдарына және жаяу жүргіншілер жолағына көктайғаққа қарсы материалдарды да төсеп жатыр. Іске 4 техника тартылыпты. Құм-тұз қоспасы жеткілікті. Бүгінгі күні 2,5 мың текше метр инерттік дүние бар. Қар тазалау жұмыстары алдағы уақытта қыза түспек. Қазгидромет мамандарының сөзінше өңірде тағы да қар жаууы мүмкін.

Гүлзат Ғазизова – «Қазгидромет» РМК СҚОФ бөлім басшысы:

– Өткен тәулікте және бүгін түнде СҚО-на 1-ден 9 мм аралығында қар түсті. Бұл кей аумақтардағы онкүндік норманы құрады. Осындай ауа райы алдағы күндерде де сақталады. Кей жерлерде ақ ұлпа түседі, тұман болады. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 20 метрге дейін жетеді.

Оның үстіне өңірімізде алдағы күндері күн суытады. Мамандардың айтуынша сынап бағанасы түнде минус 20, ал күндіз 15 градусқа дейін төмендейді екен. Сондықтан, сақтық шараларына аса мән берген жөн.

 

 

Култанов Байболат