Балалар

Қалада киберспорттан топтық жарыс өткізілді

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-де алғаш рет киберспорттан топтық жарыс өткізілді. Сайыста студенттер мен оқушылар онлайн жүйеде танымал компьютерлік ойындарды ойнап сайысты.

Контр страйк – компьютерлік ойын. Мұнда жауласушы екі тарап болады. Ойын қатысушыларына тапсырманы соңына дейін орындау немесе тірі қалып, жауларды жою міндеті қойылады.

Кирилл Махин – И.Даутов атындағы Петропавл қаласының қызмет көрсету саласы колледжінің студенті:

– Ойын бірнеше раундқа бөлінеді. Әр кезеңде ойыншы өзіне қару-жарақ, оқ-дәрі сатып алу арқылы өз күшін арттыра береді. Өзім бұл ойынға күніне шамамен 3 сағаттай уақытымды жұмсаймын. Бастапқыда отбасым оқуыма алаңдап, қарсылықтарын білдірушы еді. Бірақ, сабақта белсенділігімді жоғалтпағанымды көріп, рұқсатын берді.

Ал мына кабинетте Dota 2 ойыны өткізіліп жатыр. Оған құрамы 5 адамнан тұратын 2 топ қатысуда. Олардың негізгі міндеті бір-бірлерінің картадағы ғимараттарын жою. Соңында ең көп ұпай жинақтаған команданың бір мүшесі ақтық кезеңге өтеді. Асылхан Әміржан тапсырманы бірінші болып аяқтады. Осылайша, ол келесі турға жолдама алды.

Асылхан Әміржан – М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

– Dota 2 2011 жылы шыққан. Мен 2012 жылдан бастап ойнап жүрмін.

Киберспорттан топтық жарыс М.Қозыбаев атындағы СҚУ-де алғаш рет ұйымдастырылып жатыр. Қатысушылар ойын өтерге дейін бірнеше күн дайындық жасаған. Олар қарсыластарының матчын талдап, мықты-осал тұстарын анықтауды үйренген.

Ильдар Курмашев – М.Қозыбаев атындағы СҚУ инженерлік және сандық технологиялар факультетінің деканы:

– Киберспорт негізінен Еуропа елдерінде кеңінен таралған. Компьютерлік ойын түрлері бойынша халықаралық немесе әлем чемпионаттары жиі өткізіліп отырады. Қазақстанда киберспорт енді дамып келе жатыр. Біз де заманға сай мықты ойыншыларды дайындап, түрлі додаларға қатысуға мүмкіндік жасап көрмекшіміз.

Жалпы, киберспорттан сайысқа 70-ке жуық жас қатысып жатыр. Дені – мектеп оқушылары мен студенттер. Ойын соңында ең көп ұпай жинағаны 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болады.

 

Маржан Касымбек