МТРА жаңалықтары

Вице-премьер өңірде республикалық селекторлық жиын өткізді

Ал түске таман Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев облыс әкімдігінде республикалық селекторлық жиын өткізді. Отырыс барысында халқы тығыз орналасқан өңірлерден тұрғындарды көшіру жөніндегі сұрақтар қаралды. Бұл бағытта аққайыңдар өлкесінде ауқымды шаруа атқарылып жатыр. Бүгінде тек біздің аймақта қоныстанушыларға арналып үйлер салынуда.

Өткен жылы елімізде адамдардың келуі мен кетуі бойынша есептеу жүргізіліпті. Нәтижесінде 29 мың теріс сальдо байқалған. Яғни, мемлекетімізге қоныс аударғандардан өзге жаққа кеткендердің саны көп. Мұндай жағдай әсіресе солтүстік өңірлерде байқалады. Бұл жақта туылы көрсеткіші де төмен.

Біржан Нұрымбетов – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Мысал ретінде СҚО-н алайық. Өңірде табиғи жолмен көбею деңгейі 1,14 коэффициентті құрайды. Ал республикалық көрсеткіш 14,63-ті көрсетіп отыр. Егер осы үрдіс сақталса 2022 жылға қарай солтүстік өңірлерде экономикалық белсенді халықтың қатары 59 проценттен 50-ге дейін төмендейді.

Ал оңтүстікте мүлде басқа жағдай. Ол жақта туылу көрсеткіші жоғары. Мамандардың айтуынша алдағы уақытта халықтың тығыздығы солтүстікке қарағанда 4 есеге жоғары болмақ. Әрі мұнда еңбек ресурсы жеткілікті. Сондықтан, қазір күнгейдегі ағайын мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыс күші тапшы өңірлерге көшіріліп жатыр. Біздің облысқа да келуде. Бірақ, әлі де біраз маман қажет.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жұмыс бар. Бізге механизаторлар, шопырлар, есепшілер, мұғалімдер, дәрігерлер керек. Қазіргі күні бүкіл облыста 1200 ваканция бар. Сондықтан да біз адамдарды қабыл алуға әрдайым дайынбыз.

Жалғыз теріскейге қана емес, солтүстікте орналасқан өзге де облыстарға еңбек күші қажет. Бірақ, туған жерден қоныс аударғандардың барлығы бірдей тұрақты жұмыспен қамтылып жатыр ма? Жиын барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов статистикаға тоқталып, біраз деректі тілге тиек етті.

Біржан Нұрымбетов – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– 2017 жылдан бері қоныс аударғандардың 4100-і – еңбек жасындағы адамдар. Олардың 89 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал үстіміздегі жылдың 10 айындағы көрсеткіш 71 процентті құрап отыр. Адамдарға екі қолға бір күрек ұсыну бойынша Шығыс Қазақстан облысы ең төменгі сатыда тұр.

Ал Солтүстік Қазақстан облысындағы жағдай қалай? Біздегі көрсеткішке көңіл толады. Қазір кейір қоныс аударушылар кәсіппен айналысып, өзге адамдарды еңбекпен қамтып жүр. Мәселен, Маржан Валеева осыдан 5 жыл бұрын Жамбыл ауданына көшіп келіпті. Бүгінде нәзікжанды егін егеді, мал ұстайды. Халыққа бірқатар қызмет түрлерін ұсынады. Оның үстіне қоныстанушыларға арнап өңір аудандарында 17 баспана салып жатыр. Қарамағында 30-дан аса жұмысшы бар.

Маржан Валеева – «Валеева» ЖК директоры, Жамбыл ауданы:

– Мемлекеттік тапсырыс бойынша баспана тұрғызып жатырмыз. Ол үйлердің кейбіріне адамдар көшіп келіп жатыр. Кейбірі бос тұр. Жұмыс орны жеткілікті деп ойлаймын. Тіршілік істейм, жұмыс істейм деген ой болса мұнда бар мүмкіншілік жасалған.

Осы үй салу мәселесіне жіті тоқталайық. Қазір аққайыңдар өлкесінде қоныс аударушыларға арналып баспаналар тұрғызылып жатыр. Айта кеткен жөн, басқа облыстарда мұндай бастама қолға алынбапты. Тұрғын жайлар заманауи, жарық әрі жылы болады.

Асқар Сақыпкереев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Солтүстік Қазақстан – қоныстанушыларға арнап үй салу бойынша пилоттық бағдарламаны іске қосқан жалғыз облыс. 2022 жылға дейін өңірімізде 2142 баспана тұрғызылады. Тұрғын жайлардың шаршы метрі кем дегенде 90 шаршы метрді құрайды.

Облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев айтқандай пилоттық жоба 3 жылға бекітілген. Сөз барысында өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаевқа бағдарлама мерзімін ұзарту жөнінде ұсыныс тастады. Мұны Вице-премьер бірауыздан құптады.

Бердібек Сапарбаев – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

– Бағдарламаны ұзарту жөнінде айтылғаны дұрыс. Біз мәселені шешпейінше, бұл бағдарлама әрмен қарай жұмыс істеуі қажет. Осы бағдарламаның орындалуы мемлекеттік органдардың бақылауында болуы қажет. Бірінші министрліктер, екінші жергілікті өңірлер бақылауда ұстауы тиіс.

Селектрлік отырыста “Серпін” бағдарламасының жүзеге асуы жайлы да сөз болды. Бердібек Сапарбаевтың сөзінше аталған жоба да солтүстік өңірлердегі еңбек күшін арттыруға бағытталған. Бірақ, істе бірқатар мәселе бар екен. Мысалы, қазір жастарға бөлінген квота небәрі 56 пайызға орындалады. Ал ұл-қыздардың оқыған жерінде жұмысқа орналасу деңгейі 40 проценттен де аспайды. Осы орайда облыс әкімі өңірімізде қыз-жігіттерді қалдыру бойынша қолға алынып жатқан шараны тілге тиек етті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мен “Серпін” бағдарламасы бойынша оқып жатқан балалармен үнемі кездесіп тұрамын. Былтыр оларға былай дедім: Егер де сіздер осы жерде қалсаңыздар, отбасы құрсаңыздар, балалы болсаңыздар біз үйді тегін береміз. Оған да біз дайынбыз.

Жиын соңында Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев министрлер мен әкімдерге бірқатар тапсырма жүктеді. Вице-премьер осы ретте үгіт-насихат жұмыстарына қарқын қосу қажеттігін айтты.

Бердібек Сапарбаев – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

– Қорқудың қажеті жоқ. Бір Қазақстан ғой. Оңтүстігі де, солтүстігі ді бір. Дер кезінде түсіндіріп айтатын болсақ, үлкен проблемалар болмайды.

Тағы, Бердібек Сапарбаев мемлекеттен бөлінетін ақшаға ғана емес, жергілікті қазынадан қарастырылған қаржыға және кәсіпкерлердің қолдауымен үй салу қажеттігін айтты.

 

 

 

Култанов Байболат