МТРА жаңалықтары

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары қоғам өкілдерімен кездесті

Мәдениет қызметкерлерінің жалақысы артады. 2020 жылы мамандардың айлығына 30 пайыз қосылмақ. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев қоғам өкілдерімен өткізген кездесуі барысында айтты.

28 жылдың ішінде Қазақстанның ұстанып келе жатқан саясаты – бір. Ол халықтың әл-ауқатын жақсарту. Еліміздің түкпір-түкпірінде кәсіпорындар ашылып, жаңа жұмыс орындары пайда болып, балабақша мен мектептердің саны көбеюде. Жоғары білім де енді түлектер үшін әлдеқайда қолжетімді бола түсті. Баспана алу үшін 10-15 жыл кезекте тұрудың қажеті жоқ. “Нұрлы жер”, “7-20-25”. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы армандаған пәтер кілтін иеленуге болады. Бір сөзбен айтқанда, еңбектеніп, лайықты өмір сүремін дегендер үшін барлық жағдай жасалуда.

Бердібек Сапарбаев – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

– Үкіметтің негізгі міндеттерінің бірі – экономиканы төмендетпеу. Өткен жылмен салыстырғанда биылғы өсім 4,5 пайыз болуы қажет. Экономиканың өсуі – халық табысының артуына да әсерін тигізеді.

Инвестиция тартып, жаңа өндіріс ошақтарын іске қосу арқылы жұмыссыздық деңгейін едәуір төмендетуге болады. Биылғы 10 айдың ішінде 369 мың қазақстандық екі қолға бір күрекпен қамтылған екен. Жыл соңына дейін көрсеткішті 373 мыңға жеткізу қажет. Меженің орындалуын жауапты органдар қадағалаулары тиіс. Себебі, кейбір кәсіпорындар айласын асырып, істі тек қағаз жүзінде тындыратын көрінеді. Кадр жетіспеушілігін жоюға жалақының көлемі әсер ететіні сөзсіз. Компаниялар қарамағындағы еңбеккерлердің жағдайын ең бірінші кезекке қоюлары тиіс. Бюджеттік саладағы мамандар да назарсыз қалмауда. Мұғалімдердің бүгінгі еңбекақысы мен екі жыл бұрынғы айлығының көлемі жер мен көктей. Ол алдағы уақытта тағы да өседі.

Бердібек Сапарбаев – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

– 2020 жылы ұстаздардың жалақысы тағы 30 пайызға көтеріледі. Осылайша, алдағы 4 жылдың ішінде еңбекақылары екі есеге артпақ. Қазір 3 ауысымды мектептер мен апаттық жағдайда деп танылған оқу ошақтарының проблемаларын шешуге көңіл бөлініп жатыр. Соңғы уақытта жоғарғы білім сапасы ақсап барады. Ел бойынша 132 университет бар. Бірақ, барлығы бірдей білікті кадрларды даярлай алмауда.

Қазір үкіметтік комиссия осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Яғни, жүктелген міндетті орындай алмайтын университет пен колледждер лицензияларынан айырылуы мүмкін.
Бұл ретте денсаулық сақтау саласына қатысты да жағдай қаузалды.

Бердібек Сапарбаев – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

– Бұл саланың 2025 жылға дейінгі даму бағдарламасы дайындалды. 2025 жылға қарай әрбір елді мекенде медициналық пунктер болуы тиіс. Әрбір аудан, қаладағы ауруханалар мен емханалар заман талабына сай қондырғылармен жабдықталуы тиіс. Біздің мақсатымыз денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті бір жолға қою. Келесі жылы осы тәсілмен 11 нысанның құрылысы басталмақ.

Бұл материалдық-техникалық базаны нығайтып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге жол береді. Еліміздің бірқатар өңірлері үшін өткір тұрған оңалту орталықтарының мәселесі де шешімін таппақ. Келесі жылы заманауи емдеу мекемелерінің құрылысы бастау алмақ.

Тіисті дәрі-дәрмек жоқ, не сапасы нашар, не бағасы қымбат. Ал жұртшылықтан жиі келетін шағымдар препараттарға қатысты.

Бердібек Сапарбаев – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

– Дәрі-дәрмек бағасының себепсіз өсуі туралы бізге шағымдар келіп жатады. Мәселені бақылауымызға алдық. Тағы 2020 жылға арналған препараттар қорын даярлау қажет. Себебі, жылма-жыл қаңтар-ақпан айларында тұрғындар дәрілерге қол жеткізе алмайды. Проблеманы болдырмау керек.

Соңғы жылдары дене шынықтыру мен бос уақытты өткізуге арналған нысандар ашылып жатыр. Әсіресе, басымдық елді мекендерге берілуде. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында шаруа жалғасын табады. Тағы келесі жылы өнер, архив пен мәдениет қызметкерлерінің айлығында өзгеріс орын алмақ. Еңбекақыға 30 пайыз қосу көзделген. Кездесу соңында жиылғандар Вице-премьерге көкейлерінде жүрген сұрақтарын да жеткізді. Атап айтсақ, өңірді газбен қамту мен ауруханалардағы күрделі жөндеу жұмыстарына бөлінетін қаржы жайын сөз етті. Бердібек Сапарбаев шаруаның жоспарға сай жүргізілетінін айтты. Әлеуметтік салаға жалпы алғандағы құйылып жатқан қаржы ел бюджетінің 45 пайызын құрайды. Ал келесі жылы қазына қаражатының 47 пайызы бағытталады деп жоспарлануда.

 

 

Эльмира Садвокасова