Спорт

Өңір спортшылары әлем чемпионатынан жүлдемен оралды

1 алтын, 6 күміс пен 3 қола. Теріскейлік 8 спортшы Сербияның Нови Сад қаласында гір көтеруден өткен әлем чемпионатынан жүлдемен оралды. Жерлестеріміз 50 ауыр атлеттен құралған ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен. Дүбірлі додада 38 мемлекеттен 540 адам бақ сынасыпты.

Спортшылар күнделікті жаттығуларын дәл осылай өткізіеді. Бастапқыда олар 10 келі гір көтеріп шынығады. Кейін қолдарына ауырларын алады.

Жерлестеріміз жуырда Сербияда гір көтеруден өткен әлем чемпионатынан оралды. Қарашаның 6-сы мен 11-і аралығында ұйымдастырылған сайыста 38 елден 540 спортшы додаға түскен.
Артем Головин жарыста 3 номинация бойынша бақ таластырыпты. Алғашқыда ол 22 жасқа дейінгі спортшылармен күш сынасқан. Нәтижесінде күмісті қанжығасына байлапты. Ал кәсіби шеберлер аталымында 3-ші орынды иеленген.

Артем Головин – гір көтеруден халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Мен 73 келі салмақтағы спортшылармен күш сынастым. Бірінші сайыста 32 келілік гірді 127 рет көтердім. Әлем чемпионатына 2 жылдай уақыт тынымсыз дайындалып едім. Нәтижеме қатты қуанып отырмын.

Ал Азамат Нурушов чемпионатта спорт ардагерлерімен сайысқа түскен. Ол салмағы 24 келі тартатын гірді 10 минуттың ішінде 90 мәрте көтеріпті. Нәтижесінде қанжығасын күміс медальға майлады.

Азамат Нурушов – гір көтеруден өткен әлем чемпионатының 2-ші орын иегері:

– Негізі, гір көтеру спортына студенттік шағымда аяқ бастым. Бірақ, жұмысқа орналасқаннан кейін уақытым болмай жаттығу залына келе алмай жүрдім. Десе де, 20 жыл өткен соң сүйікті ісіме қайта оралдым. Алдағы уақытта ауыр атлетиканың қыр-сырын меңгеретін боламын.

Нови Сад қаласында өткен дүбірлі додаға Қазақстаннан 50 адам барған екен. Арасындағы 8-і – теріскей өңірінің спортшылары. Жалпы, жерлестеріміз сайыста 6 күміс және 3 қоланы жеңіп алыпты. Ал 15 жастағы Надежда Бабина болса алтынан алқа тағынып қайтқан.

Андрей Глывяк – гір көтеру спортынан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

– Біз гір көтеруден өтетін әлем чемпионатына жылда қатысамыз. Биылғы сайыс тартысты өтті. Қатысушылардың тыңғылықты дайындалып келгендері көрініп тұрды. Қазақстандық спортшылар да қалыс қалған жоқ. Олар ел намысын абыроймен қорғады деп ойлаймын.

Айта кетейік, спортшылар қазір тағы бір жарысқа дайындалып жатыр. Әзірліктерін пысықтаған соң желтоқсанның 3-і Қызылордада өтетін республикалық сайысқа қатыспақшы.

 

Бердимурат Баймухан