МТРА жаңалықтары

Облыста 10 айдың ішінде 111 жемқорлық фактісі тіркелді

Үстіміздегі жылдың 10 айында СҚО-да жемқорлыққа қатысты 111 факті тіркелді. Аяғына жеткен істерге қатысты материалдық шығын 600 млн теңгеден асады. Заңның ала жібін аттағандары үшін түрлі деңгейдегі 9 басшы жауапқа тартылды. Алайда, қоғамдық кеселмен күресеміз деп, оның алдын алу қажеттігін естен шығармаған жөн.

Жемқорлықпен күрес – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Мемлекеттік қызметтер электрондық түрде көрсетіліп, ортақ бухгалтериялар құрылып жатыр. Алдағы уақытта жер учаскелері де адам қатысуынсыз үлестірілмек. Ашық әкімдіктер ашылып, жұмыс барынша мөлдір жүргізілуде. Бұның барлығы парақорлық атаулыны жоюға бағыттан шаралардың тек бір бөлігі ғана.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл мемлекеттік қызметтерге электрондық түрде қол жеткізгендердің саны 1,6 есеге артып отыр. Ауылдағы ағайын да аудан орталығына бармай, бірқатар құжаттарға қол жеткізе алады. Өңір бойынша 400 өзіне-өзі қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Биыл қоғамдық бақылау порталы іске қосылды. Кез келген тұрғын сапасыз атқарылған жұмысты суретке түсіріп, порталға жібереді. Кейін мамандар бірден мәселені шешуге кіріседі.

Күннен-күнге, жылдан-жылға қоғамдық кеселмен күресемін дегендердің саны артып келеді. Яғни, атқарылып жатқан шаруа өз нәтижесін беріп жатыр. СҚ-дағы жемқорлықтың деңгейі ел бойынша ең төменгі көрсеткіш деп табылды. Алайда, бұл әлі жеткіліксіз. Күн сайын ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне парақорлық фактісі жайлы 5-6 хабар түседі екен. Араларында жергілікті мемлекеттік қызметшілер де жоқ емес.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Ағымдағы жылдың 10 айында СҚ-да жемқорлыққа қатысты 111 факті тіркелді. Өнідірісте 230 қылмыстық іс қаралды. Олардың 143-і сотқа жіберілді. Аяғына жеткен істерге қатысты материалдық шығын 600 млн теңгеден асады. Бүгінге дейін 99 пайызы мемлекет қазынасына қайтарылды. Жемқорлықпен 4 облыс, 4 аудан мен 1 ауыл деңгейіндегі басшы ұсталды. Барлығы 30 азаматқа қатысты сот үкімі шығарылды. Олардың 6-уы темір торға тоғытылса, 23-іне айыппұл салынды. Тағы біреуінің бас бостандығы шектелді.

Жемқорлықпен күресеміз деп ең алдымен оның алдын алу қажеттігін ұмытпау қажет дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев.

Алик Шпекбаев – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасыя:

– Жемқорлықпен күрес науқан емес, оны бір мезетте жеңу мүмкін емес. Проблеманы жүйелі, кешенді түрде шешу керек.

Этикалық норма, адалдық пен адамгершілік. Жемқорлықтан аулақ болу қазір балабақша қабырғасына үйретіліп жатыр. Десе де, дұрыс тәрбие ең бірінші отбасыдан бастау алу керек дейді Алик Шпекбаев.

 

 

 

Эльмира Садвокасова