Халық тарих толқынында

“Казбат” фильмі көрерменге жол тартты

Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Петропавлда көрермен қауым “Казбат” фильмін тамашалады. Кинотуындыда 24 жыл бұрын көктемде тәжік-ауған шекарасында болған ұрыста / қазақстандық сарбаздардың көрсеткен ерлігі баяндалады.

Бұл – “Казбат” фильмінің трейлері. Шынайы оқиғаға негізделген су жаңа картина 1995 жылы тәжік-ауған шекарасында болған жағдайды баяндайды. Фильм түсіру туралы идея авторы – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Руслан Жақсылықов болса, ал туындының режиссері – Асқар Ұзабаев. Дәл қазір киноның алдын ала көрсетілімі болмақ. Фильмді тамашалауға облыс және қала басшылығы, Ұлттық ұлан әскерилері, қоғам өкілдері мен оқушылар келді. Фильм басталмас бұрын облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев сөз алып, жастарға патриоттық тәрбие беретін фильмнің маңызына тоқталып өтті.

Руслан Әлішев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Бұл фильмді түсірудегі мақсаттардың бірі – сол жылдары тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді еске алу және олардың рухына құрмет көрсету. Әрі кинотуынды ұрпақтың бойында патриоттық сезім қалыптастырады.

Фильмде 1995 жылы әскерде Отан алдындағы борышын өтеген сарбаздар бейнеленген. Сол кезде жігіттерге тәжік-ауған шекарасында қызмет етуге ұсыныс жасалады. Осылайша 7-ші рота Тәжікстанға өз еркімен аттануды ұйғарады. Оларға қойылған міндет – тәжік-ауған шекарасын қорғау.

Жас сарбаздар қойылған міндетті абыроймен атқарады. Сәуірдің 7-сі Пшихавр шатқалында Қазақстанның ішкі әскерлерінің 7-ші ротасына саны көп содырлар қарулы шабуыл жасайды. 5 сағатқа созылған шайқаста 17 қазақстандық сарбаз қаза тауып, 33-і жарақат алады.

Осыдан 24 жыл бұрын болған қайғылы оқиға – бүгінге дейін қазақстандықтардың жүрегінде. Ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің батырлығын кейінгі толқын білуі тиіс дейді Ұлттық ұланның Әскери институтының оқытушысы Мұрат Карбузов.

Мұрат Карбузов – ҚР ҰҰ Әскери институтының оқытушысы:

– Әскери фильмдер аз. Мұндай туындыларды көптеп түсіру қажет. Себебі, осындай фильмдердің жастарға берері мол.

Шынайы оқиғаға негізделген фильм жұртшылықты бейжай қалдырмады. Көрермендер туындыдан алған әсерлерімен бөлісті.

– Фильм өте әсерлі. Тіпті, көзіме жас алдым. Мұндай отандық туындыларды барлық қазақстандықтар көрулері тиіс.

– Маған қазақ жігіттерінің батырлығы ұнады. Олар ерлік жасады. Туған жерін қорғады.

Жалпы, фильмді түсіру жұмыстары Алматы облысындағы Қаракемер ауылында орналасқан Ұлттық Ұланның 6654 әскери бөлімінде, Іле өзені жағасында және Шарын шатқалында өткен. Айта кетейік, кинотуынды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен түсіріліпті. “Казбат” фильмі бүгіннен бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіле бастайды.

Ешкенова Дана