Білім

49 студент шетелде өткен өндірістік тәжірибеден оралды

49 студент шетелде өткен өндірістік тәжірибеден оралды. Жастар М.Қозыбаев атындағы СҚУ-нің агротехнология факультетінде оқиды. Олар 6 ай көлемінде Польша мен Германияның кәсіпорындарында жұмыс істеп, білімдерін арттырып қайтты.

Алған теориялық білімді практика жүзінде бекіту аса маңызды. Қай сала болмасын, қай ел болмасын өзіндік ерекшеліктері бар. Әсіресе, Германия мен Польшаның мал және өсімдік шаруашылықтары. Шетелде тәжірибеден өтіп келген жастар таңданыстарын жасырмауда. Ақжан Данаева неміс елінде 6 ай бойы тауық фермасында жұмыс істепті.
Оның айтуынша мұндағы кәсіпорындардың барлығында жұмыс автоматтандырылған.

Ақжан Данаева – М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

– Германия кәсіпорындарында жұмысты негізінен техника атқарады. Ал адамдар тек бақылаушы ретінде жүреді. Біз аптасына 5 күн 8 сағаттан жұмыс істедік.

Студенттердің тағы бір тобы Польшадағы өсімдік шаруашылығымен айналысатын кәсіпорында болған. Болашақ агрономдар көкөністерді отырғызғаннан бастап өнім алғанша дейін күтіп-баптаған. Бастысы, мұнда үрдістің экологиялық тұрғыда таза өтуіне мән беріледі екен.

Шыңғысхан Ипов – М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

– Маған Польшада қатты ұнаған техника болды. Олар оны қолдан құрастырады. Мысалы, балдыркөк егетін жерде жер өте жұсақ болады. Сол себепті, қатты дөңгелектерін ауыстырған. Ол топырақты езбеу үшін ойластырылған әдіс.

Айта кетейік, теріскейлік жастар өндірістік тәжірибеден өту үшін Германияға бірнеше рет барса, Польшада алғаш рет болған. Мұнда олар білімдерін бекітіп қана қоймай әрі жұмыс істегендері үшін лайықты ақы алыпты. Болашақ мамандар меңгерген тың әдіс-тәсілдерімен және сапардан алған әсерлерімен енді өз замандастарымен бөлісуде.

 

 

Актолкын Солтанханкызы