Өнеркәсіп

Жергілікті серіктестік метан газына қосылады

Жергілікті кәсіпорын метан газына қосылады! Қаламыздағы “Сүт өнімдері” серіктестігі желтоқсан айынан бастап көгілдір отынның осы түрін пайдаланбақ. Аталған өнімнің құны нарықта дизельдік отыннан әлдеқайда төмен екен. Әрі метан экологияға аса көп зиян тигізбейді. Өңірімізде мұндай ілкімді іс “Global Gas Group” компаниясы бөлген инвестициялық қаржы есебінен жүргізіледі.

Бүгінде солтүстікқазақстандықтардың дені тұрмыста пропан және бутан газын пайдаланады. Көліктердің де біразы аталған көгілдір отынмен жүреді. Мұндай өнім мұнай өндірген кезде қатар алынады. Сол себепті, нарықта үлесі аз екен. Ал метан қоры жеткілікті. Сондықтан да қазіргі күні нысандар дәл осы газ түріне қосылып жатыр.

Олег Сексенбаев – “Солтүстік-Шығыс көлік компаниясы” директорының орынбасары:

– Метан Ресейден әкелінеді. Оны “Global Gas Group” компаниясы импорттайды. Біз – осы өнімді тасымалдаушымыз. Қазір еліміздің Ақмола облысы мен Нұр-Сұлтан қаласындағы бірнеше мекеме көгілдір отынның аталған түрін пайдаланып жатыр. Енді өзіміздің жұмысымызға толығырақ тоқталайын. Тауарды -161 градуста сұйытылған күйде елордаға әкелеміз. Сол жерде табиғи газ қыздырылады. Нәтижесінде қалыпты нормаға келеді.

Жәй ғана қалыпты нормаға келмейді, әжептәуір көлемі ұлғаяды. Мысалы, бір цистерна сұйытылған метанды қыздырғанда ол 600 есеге көбейеді екен. Келесі айда мұндай дүние СҚО-на жеткізілмек. Нақтырақ айтар болсақ, қаламыздағы “Сүт өнімдері” серіктестігігі табиғи газға қосылады. Яғни, кәсіпорын көгілдір отынның осы түрі арқылы жылытылып, жұмыс істейтін болады. Мұның барлығына қыруар қаржы жұмсалыпты.

Әділбек Әубәкіров – СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Тасымалға қажетті көліктерді сатып алуға 600 млн теңге жұмсалды. Енді желтоқсанда “Сүт өнімдері” серіктестігі базасында арнайы станция ашамыз. Оған 300 млн-дай қаржы бағытталмақ. Бұл Қазақстандағы 3-ші станция болғалы тұр. “Сүт өнімдері” кәсіпорны бекерден-бекер таңдалмады. Қазіргі күні аталған өндіріс ошағы өте үлкен көлемде дизельдік отынды және мазутты пайдаланады. Олардың құны жоғары.

Ал метанның құны әжептеуір төмен. Мысалы, табиғи газ дизельдік отыннан шамамен 20 пайызға арзан екен. Оның үстіне экологияға аса көп зиян тигізбейді. Болашақта өңіріміздегі басқа да өндіріс ошақтарын метанға қосу жоспарланып отыр. Қазір бұл бағытта кәсіпорындармен келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді.

Култанов Байболат