ТЖ

Құтқарушылар қауіпсіздік шараларын еске салды

Қылышын сүйретіп қыс келді! Кешеден бері өңірімізде аяз күшейіп, өткір жел соғып тұр. Мұндай күндері сақтық шараларына аса мән берген жөн. Әсіресе, жолаушылар тиісті ережелерді ескергені абзал. Бүгін Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері журналистерді жиып, жалпыға ортақ талаптарды қаперге салды. Тағы, мамандар облыс аумағында орын алған өрт фактілерін баян етті.

Өзімізге жақсы мәлім солтүстіктің сақылдаған сары аязы сүйектен өтеді. Ал боранынан ат құлағы көрінбейді. Мұндай күндері аса абай болған жөн. Сондықтан да өңір құтқарушылары биыл жылдағы дәстүрге сай қауіпсіздікке мықтап мән беріпті.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Облысымызда қар құрсауында қалуы мүмкін 376 учаске бар. Оның 88-і республикалық маңызы бар жолдарда орналасқан. Ал 288-і – жергілікті маңызы бар жолдарда. Қазір сол қауіпті учаскелерге 1760 шаршы метр қардан қорғау құрылғылары орнатылған. 4 жарықтық бағдар қойылып отыр.

Жылыту пунктері де бар. Биыл өңір аумағында 344 нысан жұмыс істемек. Оларда жолда қалған тұрғындарға қызмет көрсетіледі. Техникада сақадай сай тұр. Ерік Сарыбаевтың айтуынша алдағы маусымда өлкеміздегі трассаларды 1200-ге жуық көлік қалыпты жағдайда ұстайтын болады. Біздің облыста адасу фактілері де тіркелді. Мұндай жағдай қайталанса 450-ден аса адамнан тұратын 14 мобильдік топ даяр. Көктайғақтың да алдын алу қажет. Ол үшін 19 мың тоннадай құм, 43 мың тонна тұз-құм қоспасы әзірленіпті. Кейін әңгіме ауаны өрт оқиғаларына ауысты. Бүгіннің өзінде Аққайың ауданында 2 бірдей төтенше жағдай тіркелген.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Бірінші өрт оқиғасы түнгі 2 жарымдардың шамасында Қаратомар ауылында болды. Мұнда тұрғын үй жанып кетті. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Екінші жағдай 40 минуттан соң Смирново селосында тіркелді. Бұл жерде де баспана отқа оранды. Көршілер үй иесінің іште қалуы мүмкін деп болжап отыр. Бірақ, оның денесі әлі табылмады. Мамандар оқиға орнында жұмыс істеп жатыр.

Мамандардың сөзінше қос жағдай да тиісті талаптарды сақтамағандықтан орын алған. Айта кетейік, өңір аумағында жыл басынан бері 609 өрт оқиғасы тіркелген. Тілсіз жаудың салдарынан 33 адам қаза тапқан.

 

 

 

Маржан Касымбек