Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағының жұмыс істеу механизмі

160 млрд инвестиция, 1,6 трлн теңгенің өнімі мен 3 мың жаңа жұмыс орны. Бұл – өңірімізде құрылған арнайы экономикалық аймақ аясында қол жеткізілетін меже. Бірегей жоба биылдан бастап жүзеге асырылып жатыр. 2 мыңа гектарға жуық аумақты алатын өндіріс алаңында құрылыс материалдары, жиһаз бен электроника шығарылып, ауыл шаруашылығы техникасы жинақталады. Бүгінде субаймақта жұмыс істейтін 3 бірдей инвестор анықталды.

Ресей мен еліміздің бірнеше өңірімен шекаралас облысымыздың инвест климаты қашан да жақсы болатын. Әсіресе, мемлекет пен жергілікті билік тарапынан көрсетілетін қолдауды атап өту қажет. Соған қарамастан кей қалталы азаматтар қаржыларын құйып, кәсіпорын ашар кезде жазынан қысы ұзақ теріскейді таңдауға жүрексінетін. Енді, күмән атаулының барлығын артта қалдырып, іске кірісетін уақыт жетті. Аймағымызда өндіріс саласына жаңа леп беретін арнайы экономикалық аймақ құрылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– В этом году я одобрил создание СЭЗ в СКО. Думаю, это даст ещё один импульс развитию кооперационных связей. В первую очередь, с принимающей нас сегодня Омской областью.

Жоба бір жарым ай бұрын ғана мақұлданды. Дегенмен, ертең-ақ келіп, жұмыс істейміз деп қызығушылық білдіргендер күн санап артуда. Қуантары, шетелдіктермен қатар іске кірісуге жергілікті бизнес өкілдері да даяр отыр. Айта кету қажет, бұл – еліміздегі 12-ші арнайы экономикалық аймақ. Алайда, өңірде қанат жайған жоба өзгелерінен әлдеқайда ерекше. Себебі, аумақта өндірістің бір емес бірнеше түрі қолға алынады. Сондықтан, ол 4 бірдей субаймаққа бөлінген.

Арман Оразғұлов – СҚО индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:

– Бірінші субаймақ қаламыздың орталығында орналасқан. Ол бұрынғы МЛД зауытында орын теппек. Кәсіпорынның аумағында тұралап қалған нысан бар. Ғимаратты инвесторларды тарту арқылы қалыпқа келтіреміз. Мұнда баршаға белгілі «Alageum electric» компаниясы жұмысын бастайды деп топшылаудамыз. Өндіріс ошағы трансформаторлар мен электртехникалық құрылғыларды шығарумен айналысады. Болжам бойынша теріскейде әзірленетін тауардың жартысынан астамы сыртқы нарықта саудаланбақ.

Азық-түлік, электрқұрылғылар, құрылыс материалдары, жиһаз бен машина жасау. Тауарлардың барлығының өндірісі ең ірі – үшінші субаймақта бір жолға қойылмақ. Кәсіпорындар 160 гектар жерде қанат жаймақ. Әлеуеті жоғары аумақта білек сыбана жұмысқа кірісетін инвесторлардың пулы қазір құрылып жатыр. Ал төртінші субаймақтың жайы баршаға белгілі. 2022 жылдың ортасында теріскей төрінде халықаралық стандарттарға сай жарақталған аурухана есігін айқара ашады. Бұл – еліміздегі денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылып жатқан алғашқы ірі жоба болмақ.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Қаңырап бос тұрған ғимаратқа жан бітуде. Береке ықшам ауданындағы мына нысанның құрылысы осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын бастау алыпты. Алайда, шаруа аяғына дейін жеткізілмеген. Енді ауданның көркін кетірген нысанға жақын арада екінші өмір сыйланатын болады.

Бұл бетондар конструкциясы «Class» неміс компаниясының филиалына айналады. Нысан қолданыста болмағандықтан жағдайы жақсы деп танылған. Мұны жүргізілген сараптама нәтижесі көрсетті. Жоба құны шамамен 3 млрд теңгені құрайды. Жылдар бойы жүргізілген келіссөздердің нәтижесін диқандар 2020-да көрмек. Келесі жылы-ақ, механизаторлар неміс техникасын тізгіндей алады. Ал ең бастысы комбайн, трактор мен тұқым себу кешендері теріскейлік аграрийлер үшін жарты бағаға саудаланбақ. Бұл да – арнайы экономикалық аймақтың арқасы. Өндіріс саласының алпауыттары саналатын «Class» пен «Alageum electric» аққайыңдар өлкесіне келгеннен кейін артынан еретіндердің саны да көп болмақ. Инфрақұрылым салуды жергілікті әкімдік өз мойнына алады. Бұл мақсатқа мемлекеттен 16 млрд теңге қаржы қарастырылып отыр. Алғашқы үш субаймаққа теміржол тартылады. Сондай-ақ, инвесторлар үшін тағы бірқатар жеңілдіктер қарастырылған.

Арман Оразғұлов – СҚО индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:

– Арнайы экономикалық аймақта жұмыс істейтін инвесторлар салық атаулының барлығынан босатылады. Яғни, кеден, жер, корпоративтік табыс салығы, тауардың құнына қосылған баж төлемінің барлығы қалталы азаматтар үшін 0 пайыз болады. Сондай-ақ, бизнес өкілдеріне түрлі субсидиялар да қарастырылған.

3 мың жаңа жұмыс орны, 160 млрд теңге инвестиция мен 1,6 трлн теңгенің өнімі. 25 жылға қарастырылған арнайы экономикалық аймақтың нәтижесі осындай болмақ. СҚО үшін ауқымды әрі маңызды жобаның мерзімі ширек ғасырдан да асуы мүмкін. Оны енді уақыт көрсетпек.

 

Эльмира Садвокасова