Қоғам

Жасөспірімдер арасында аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу

Қазақстан әлемде суицид бойынша көш бастап тұрған елдердің бірі. Мәселен, соңғы 5 жылда 17 мың 529 адам өз-өзіне қол жұмсаған. Олардың мыңға жуығы – кәмелет жасына толмағандар. Жасөспірімдерді мұндай әрекетке баруға не итермелейді? Және оның қалай алдын алуға болады? Бұл жайында облыс орталығында өткен семинар-тренингте айтылды.

Қазір технология дамыған заман. Оқушылардың көбісі үйде ата-ана жоқ кезде бос уақыттарын компьютердің алдында өткізеді. Біреуі түрлі атыс-шабыс ойындарына әуес болса, басқасы ғаламтор кеңістігінде өріп жүрген түрлі жағымсыз материалдарды қарауы мүмкін. Бұның бәрі сана-сезімі әлі жетілмеген баланың мінез-құлқына кері әсерін тигізбей қоймайды. Осылай өскен ұл-қыздар жасөспірім кезінде тым импульсивті, ашушаң, эмоционалды болып кетеді.

Суицидке итермелейтін жайттардың бірі осы екен. Педагог-психологтардың айтуынша әке-шеше тарапынан кеткен түсініспеушілік те бұған бірден-бір себеп.

Осы орайда мамандар опық жеп қалмау үшін ата-ана мен ұстаз балаға көп көңіл бөліп, оның жан-дүниесіне үңіліп тұрғаны абзал дейді. Бұл туралы жиналғандарға М.Қозыбаев атындағы СҚУ педагогика мен психология кафедрасының аға оқытушысы Любовь Трошина әңгімелеп жатыр.

Любовь Трошина – М.Қозыбаев атындағы СҚУ педагогика мен психология кафедрасының аға оқытушысы:

– Әке-шеше баласына өмірде туындайтын мәселелерді шеше білудің жолын үйретулері қажет. Өйткені, жасөспірімдер айналасындағы адамдармен ренжісіп қалса немесе басына бір қиыншылық түскен жағдайда оны шешудің амалын білмейді және іздемейді де. Ол мәселе өз-өзіне қол жұмсаумен ғана шешіледі деп ойлайды. Бұндай жағдайға жеткізбеу үшін ата-ана баласын материалдық жағынан қамтамасыз етуді ғана емес, сондай-ақ рухани жағынан да назарға алуы қажет. Жиі әңгемелесіп, жиі сырласу қажет.

Бала уақытының біраз бөлігін үйден бөлек, мектепте өткізеді. Осындайда өз мәселесімен өзімен-өзі қалған, іштен тынып, күйзелісте жүрген балаға білім ұясындағы педагог-психологтар көмекке келеді. Мамандар жеке әңгмілесу өткізіп, сырласады, түсінуге тырысады. Нәтижесінде қолдау көрсетіп, ақыл-кеңесін айтады.
Жанар Жүсіпова қаладағы мектептердің бірінде 10 жылдан бері педагог-психолог болып қызмет етіп келеді. Жасөспірімдермен жұмыс жасауда өзіндік тәжірибесі қалыптасқан.

Жанар Жүсіпова – қалалық №23 орта мектебінің педагог-психологы:

– Тұйық балалармен көп жұмыс істеу керек. Өйткені, ондай балаларға ата-аналары көп көңіл бөлмейді. Кейбір оқушылар маған өздері де келіп сөйлеседі. Бүгінгі семинардан көп нәрсе үйрендік.

Жалпы, семинар-тренингке 50-ге жуық педагог қатысты. Жиынға ауданнан келген мамандар да ат салысты.

 

 

Бердимурат Баймухан