Спорт

Петропавлда спорт мектебінің жанынан колледж құрылды

Волейбол, грек-рим, еркін күрес, бокс, таэквандо. Енді жастар 9 спорт түрінен орта арнайы білім алып, жаттықтырушы атана алады. Биыл облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернаты жанынан колледж ашылды. Қазір мұнда 40 жас бапкерлікке оқып жатыр.

Облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернатының жұмыс істеп жатқанына биыл – 22 жыл. Осы уақыт аралығында оқу ордасының жеткен жетістіктері орасан. Мұнда білім алатын спортшылардың басым бөлігі түрлі сайыстарға қатысып, чемпион атанған. Әлі де атой салып жүргендер көп. Алайда, дәл осындай дарынды жастардың көбі 11-ші сыныпты тәмамдап, басқа облыстарға оқуға кетеді.

Себебі, өңірде спортшылардың әрі қарай шеберлігін шыңдауға арналған оқу ордалары аз. Осы мәселені шешу мақсатында мектеп жанынан биыл колледж ашылды.

Бақыт Арықбаев – облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің директоры:

– Студенттерді осыған дейін жеткен жетістіктеріне қарай таңдаймыз. Олар мұнда 2 жыл 9 ай оқитын болады. Кейін жаттықтырушы болып шығады.

Волейбол, футбол, грек-рим, еркін күрес, жеңіл және ауыр атлетика. Мұнда спортшыларға арнап барлық жағдай жасалған. Жастар өздері қызыққан кез келген олипиадалық спорт түрімен айналыса алады.
Асия Атангулова – таэквандошы. Оның осы саланың қыр-сырын меңгеріп жүргеніне 3 жылдан астам уақыт өткен. Асияның сөзінше, өңірде спорттың бұл түрімен айналысатын қыздар саны аз. Бұны ескерген бойжеткен өзі тәмамдаған мектеп жанынан колледж ашылғанын естіп, бірден осында оқуға түскен.

Асия Атангулова – облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің студенті:

– Таэквандоға қатысқан ұнайды. Қарағанды мен Түменде өткен жарыстарда 3-ші орын алдым.

Сондай-ақ, ғимараттың ішінде асхана, 300 адамға арналған жатақхана мен 24 сағат сағат бойы жұмыс істейтін дәрігер бөлмесі бар. Бастысы, студенттерге ең білікті мамандар сабақ беретін болады. Ал, жаттығуларды сол салада көп жылдық тәжірибесі бар спортшы жандар өткізеді.

Мақсат Абилбашаров – облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің жаттықтырушысы :

– Өзім 2006 жылдан бастап жаттықтырушы болып жұмыс істеп келемін. Жалпы, спортшылардың талабы мықты. Арасында көптеген әлем чемпиондары бар.

Айта кетейік, облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектебінде 260 оқушы бар. Ал, колледжде 40 спортшы білім алады. Студенттердің барлығы грантта оқып жүр.

 

 

 

 

 

Маржан Касымбек