МТРА жаңалықтары

Есіл ауданында браконьерлер құрықталды

Жыл басынан бері облыс аумағында заңсыз аң аулаудың 13 фактісі тіркелген. Соңғы оқиға Есіл ауданында орын алды. Үш адам жеңіл көлікке сібір елігінің етін артып жатқан жерлерінен ұсталды.

Браконьерлерді Есіл ауданының қорықшылары рейд кезінде кезіктірген. Мамандар Амангелді ауылына жақын жердегі Алуа көлінің тұсынан өтіп бара жатып үш адамның машинаға сібір елігінің етін артып жатқанын байқап қалады. Заңсыз аңшылық құрғандардың біреуі 69 жаста болса, екеуі 30-31-дің маңайында. Қылмыс үстінен түскен қорықшылар фактіні телефонға түсіріп аламыз дегенде осы үшеуі күш қолданып, тартып алған. Кейін аңның етін тастай сала, қашып құтылмақ болады.

Дереу әрекет еткен тәртіп сақшылары браконьерлерді Николаевка селосының маңында құрықтайды.

Бейбіт Жұмағазин – Есіл ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары:

– Осы факті бойынша жедел тергеу тобы тез арада шығып, Есіл ауданы Николаевка селосы маныңда Петропавл-Жезқазған тас жолы бойында «Lexus» автокөлігі тоқтатылып, одан қанның іздері табылды. Сондай-ақ, ТОЗ-37 аңшы мылтығы және оған оқ-дәрілер тәркіленді. Ары қарай да тексеріс жүргізіледі тергеу фактісі бойынша. Дәлелденгеннен кейін іс сотқа қарауға жіберіледі.

Қазір браконьерлерге қатысты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, осымен жалпы жыл басынан бері облыс аумағында заңсыз аң аулаудың 13 фактісі тіркелген.

Ешкенова Дана