Аптадағы маңызды жаңалықтар

Бизнеске инвестиция тарту қажет

Табысқа жеткізетін идея бар, ал оны іске асыратын қаражат жеткіліксіз. Бұл – бизнес өкілдері жиі кезігетін мәселе. Істі өркендету үшін инвестиция тарту қажет.

«BioOperations», «Тайынша май», “Казмил”. Өңірде жұмысын бір жолға қойып, шаруасын сәтті жүргізіп жатқан шетелдік компанияларды осылай тізбектей беруге болады. Оларға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіледі. 2016 жылы ашылған «Тайынша май» соған дәлел. Шаруасын бір жолға қойған серіктестік қазір өндірісін кеңейтуде. Осыған ұқсас шараларды МДМ сауда компаниясы да атқарып жатыр.

Мехти Дадашов – «МДМ сауда компаниясы» ЖШС директоры:

– «Корона» сауда үйі 2008 жылы ашылды. Мұнда апта сайын ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі өтеді. Қазір ғимаратта қайта қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Сити мол» халық игілігіне тапсырылды. Біз мұнымен тоқтап қалмақ емеспіз. 20-шы ықшам ауданға спорттық кешен қажет. Жобаны қазір қолға алдық. Келесі жылы дене шынықтыру нысаны есігін айқара ашпақ.

Жалпы, өңірге инвестиция тарту жұмыстары нәтижесін беріп жатыр. Өлке капиталы өткен 10 айдың ішінде 12 пайызға өсіп, 170 млрд теңгені құраған. Оның 80 пайыздан астамы – бизнесмендердің жеке қаржысы. Сырттан қаражат тартудың арқасында аймақта 21 ірі жоба жүзеге асып жатыр. Алайда, соңғы уақытта шаруа сылбыр атқарылуда.

Арман Оразғұлов – СҚО индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:

– Мемлекет басшысы 2024 жылға қарай елдегі ішкі жалпы өнімнің 30 пайызын инвестиция құрау қажеттігін қадап айтты. Оны іске асыру бойынша әрбір өңірге тапсырма берілді. Осылайша, келесі жылы біз аймаққа 307 млрд теңге қаржы тартуымыз қажет. Ал 2024-те бұл көрсеткішті 622 млрд-қа жеткізу – міндет. Осы ретте іске  жауапты басқарма басшылары, аудан мен қала әкімдерінің белсенді қатысуларын сұраймыз. Әсіресе, транспорттық-логистикалық орталықтар, туризм мен қайта өңдеу салаларын қолға алу керек.

Әлеуеті жоғары бағыттар айқындалды. Енді, алдағы 5 жылға арналған жоспарды орындауға кірісу керек. Ол үшін бизнесмендер үшін қомақты қаржы қажет. Ақшаны қайдан алуға болады? Іскер азаматтарға теледидарға жақынырақ отырған жөн. Мәселен, идеясы бар, бірақ оны іске асыруға қаражаты жоқ кәсіпкерлер «Астана» халықаралық қаржылық орталығының көмегіне жүгіне алады. Мамандар өз кезегінде бұл шаруаға қалталы азаматтарды тартады. Бүгінде компания Нью-Йорк, Лондон, Дубай мен Сингапур сынды қалалардағы ірі қаржы ұйымдарының тәжірибесіне сүйене отырып жұмыс істейді. Осылайша, 2016 жылдан бері қаржы ұйымында жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 150-ден астам келісім шарт жасалыпты.

Болатбек Қуандықов – «Астана» халықаралық қаржылық орталығы басқармасының төрағасы:

– Біздің компания қазақстандық бизнесті жаңа дейгейге шығару үшін аянбай еңбек етуде. Қазір әрбір өңірге барып, кәсіпкерлерді осы іске тартудамыз. Жергілікті іскер жандардан құрылған делегацияны «Астана» халықаралық қаржылық орталығына шақырамыз. Бұл біздің жұмысымызбен жақынырақ танысып, алдағы уақытта әріптестік орнатуға септесетін болады.

Қазіргі уақытта өңірімізде шикізат экспортына емес, дайын тауарды сыртқы нарыққа шығаруға көп көңіл бөлінуде. Бұған басымдық беру туралы өзінің жолдауында Елбасы Н.Назарбаев та атап өткен болатын. Аталған шаруаға шетелдік инвесторларды тарту ісіне «Қазына Капитал Менеджмент» ат салысуда. Акционерлік қоғам бүгінде отандық кәсіпорындар үшін қаржыландыру көзіне айналып отыр. Сырттан қаражат құядан бөлек, компанияның бизнес өкілдеріне тастар өзге ұсынысы бар.

Даниял Нугербеков – “KAZYNA CAPITAL MANAGEMENT” АҚ департаментінің директоры:

– Біздің компания бірлескен бизнесті қаржыландырады. Аталған мақсатқа 20 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ, орта және кіші кәсіпкерлікті де қолдауға көп көңіл аударамыз. Ол үшін 30 млрд теңге қаражат қарастырылған. Бұл жұмысты екінші деңгейлі банктермен бірлесе атқарамыз. Несие 10 жылға дейін ұсынылады. Өзге кредиттерден ерекшелігі сол – қарызды әр ай немесе жыл сайын емес, бір мезетте-ақ жауып тастауға мүмкіндік бар.

Көріп тұрғанымыздай, жұмыс істеймін деген бизнесмендер үшін мүмкіндік көп. Бастысы – оны пайдалана білу қажет дейді аймақ басшысы.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 5 жыл бұрын кәсіпкерлер қаржы іздеп әлек болатын. Қазір әйтеуір түрлі қаржы ұйымдары бар. Мамандар бизнесмендерге тиімді жағдайға негізделген несие рәсімдеп немесе инвесторларды тарту ісіне ат салыса алады. Сол себепті, ісін кеңейтемін, жаңа өндіріс түрін ашамын деген жандар ақпаратты назарларыңызға алыңыздар.

 

Эльмира Садвокасова