Спорт

“Qulager” ХК өз алаңында “Алматы” құрамасын қабылдады

Қарашаның 15-і мен 16-сы күні “Qulager” хоккейшілері өз алаңында “Алматы” құрамасын қабылдаған болатын. Қос команда 2 күн бойы тартысты ойын өткізді. Алғашқы матчта жерлестеріміз 3:2 есебімен басым түссе, қарымта кездесуде қонақтарға есе жіберіп алды.

Жерлестеріміз алғашқы кездесуде басымдық танытып, 3:2 есебімен жеңіске жеткен болатын. Ол ойында құраманың жас ойыншысы Даниил Ищенко мен Максим Первухин көзге түсті. Ал овертаймда жеңіс шайбасын Федор Хорошев соқты.

Бүгін, міне – қарымта кездесу. Матчтың алғашқы минуттарынан-ақ құлагерліктер шабуылға басты. Осы қарқанмен жерлестеріміз ойынның 12-ші минутында есеп ашты. Евгений Попитич берген пастан кейін Дмитрий Исмагилов шайбаны алматылықтардың қақпасына дәл бағыттады. Есеп 1:0.

Екінші айналымда қонақтар есепті теңестіре білді. Ал құлагерліктер алғашында ширақ көрінгенімен, қазір олар қорғанысты ғана күшейтуде. 16-шы минутта “Алматы” құрамасының ойыншысы Лакиза Артемий қақпашыдан айласын асырып кетті. Есеп 1:2.

– Кеше “Құлагер” жақсы ойын көрсетіп еді. Бүгін де сол беттерінен қайтпаса жақсы болар еді. Өкінішке қарай, ұтылып жатырмыз. Бірақ, жеңіс әлі алда деп ойлаймын.

– Осыған дейін біз көп матчта жеңіліс таптық. Ойыншыларға соны ұмытпау қажет. Енді тек жеңіске, алға ұмтылу керек. Біз “Құлагер”-мен біргеміз.

Матчтың соңғы 3-ші периодында жерлестеріміз есе жіберді. Қонақтар бірінен соң бірі қарқынды шабуыл жасап есепті еселей түсті. Ақырғы айналымда «Алматы» құрамасының хоккейшілері Нұрсұлтан Белгібаев пен Кирил Гавриличев жерлестеріміздің қақпасына тағы 2 шайбаны дәл дарытып, командасын айқын басымдықпен алға шығарды.

Максим Первухин – «Qulager» ХК шабуылшысы:

– Әрине, мұндай нәтижеге көңіліміз толмайды. Қорғаныста сауатты ойнау қажет еді. Бірақ, қателіктер жібердік. Осының салдарынан ойын тізгінін алматылықтарға беріп қойдық. Олар өз мүмкіндіктерін тиімді пайдаланды. Осы орайда жанкүйерлерге алғыс айтқым келеді. Тіпті, бізді қолдаушы жандар сырт айдындағы матчтарға да келеді.

Алматылықтармен өткізген екі кездесудің қорытындысы бойынша жерлестеріміз 2 ұпайға ие болды. Олар қазір жалпы 30 ұпаймен турнирлік кестенің 8-ші орнында тұр. Келесі ойынды құлагерліктер сырт айдында қараша айының 22-сі мен 23-і күндері павлодарлық «Ертіс» құрамасына қарсы өткізеді.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан