Бизнес және экономика

Іскер әйел бөдене шаруашылығымен айналысады

Бескөлдік нәзікжанды бөдене шаруашылығымен айналысады. Мариям Аксарина мұндай кәсіпті мемлекеттік қолдаудың арқасында бастаған. Ол жазда “Бастау” жобасы арқылы білім алып, грандқа қол жеткізіпті. Сол ақшаға өзі армандаған бизнесін ашқан. Қазіргі күні іскер жан экологиялық таза әрі денсаулыққа аса пайдалы өнімді ауылдастарына саудалап отыр.

Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей! Мұны Мариям Аксарина бала кезден жақсы біледі. Сондықтан да ол жастайынан үй шаруасына араласыпты. Бүгін де осы істі жалғастырып отыр. Нәзікжанды қазір көпшілікке аса таныс емес бөдене құсын ұстайды.

Мариям Аксарина – “Аксарина М.А.” ЖК жетекшісі, Қызылжар ауданы:

– Мен әрқашан да өзіме ұнайтын іспен үйде айналысуды армандадым. Бүгінгі күні сол мақсатыма жетіп отырмын. Бөдене ұстап, жұмыртқа аламын. Жұмысым өзіме ұнайды. Өкінішке қарай, бұл кәсіп түрі өңірімізде аса танымал емес. Бұған дейін қаз, бройлер тауықтарын асырағам. Біраз тәжірибем бар.

Мариям істі қалай бастады? Ол үстіміздегі жылдың жаз айларында “Бастау” жобасы аясында оқып, бөдене фермасын ашу үшін грант иеленіпті. Ал қыркүйекте көпбалалы ана мемлекеттен берілген ақшаға торларды, құстар мен инкубаторларды алыпты. Қазір оның шаруашылығында 300 бас қанатты бар.

Мариям Аксарина – “Аксарина М.А.” ЖК жетекшісі, Қызылжар ауданы:

– Құстар күтімді аса қажет етпейді. Оларға тұрақты түрде жем-азық беріліп тұрса және нысан ішіндегі температура сақталса болғаны. Ғимарат іші әзірге жылы. Сыртын да, ішін де қаптағанбыз. Егер суып жатса тағы да жылытамыз. Оны енді қыс көрсетеді.

Бүгінде кәсіптен нәсіп тауып отырған нәзікжандының қорасында бөдененің 2 түрі бар. Олар фараон және техас деп аталады. Тұмсұқтылардың бірі – етті, ал екіншісі – жұмыртқа бағытындағы құстар. Қанаттылар алғаш рет 42 күннің ішінде жұмыртқалайды екен.

Қазір Мариям Аксарина күніне 70-80 жұмыртқа жинайды. Оны Бескөлдегі тапсырыс берушілерге сатады. Өнімге сұраныс жоғары. Себебі, тауар экологиялық тұрғыда таза әрі денсаулыққа аса пайдалы. Нәзікжанды алдағы уақытта клиенттерінің қатарын көбейтуді жоспарлап отыр. Жалпы, жыл басынан бері Қызылжар ауданында 260 адам “Бастау” бағдарламасы бойынша білім алыпты. Оның 134-і мемлекеттік грантқа ие болған.

 

Култанов Байболат