Құқық қорғау органдары

Облыстық полиция департаментінің музейіне – 30 жыл

Облыстық полиция департаментінің музейінде бүгінде 4 мыңнан астам жәдігер сақталған. Оның әрбіреуі тәртіп сақшылары үшін аса құнды болып саналады. Бүгін ішкі істер органдарының мамандары ведомстволық музейдің 30 жылдығын атап өтті.

Облыстық полиция департаментінің музейі 1989 жылы құрылған. Мұнда алғашқы жылдары 600-дей ғана құжат пен фотосурет болған. Кейін музей қоры түрлі жәдігерлермен толығыпты. Қазіргі таңда мұнда қару-жарақ үлгілері мен тәртіп сақшыларының қызмет бабында түскен суреттері сақтаулы. Полицейлердің әр кездері киген киім үлгілерін де байқауға болады.

Жанат Сұлтанов – СҚО ПД кадр саясаты басқармасының аға инспекторы:

– Бүгінгі мерекеміз Солтүстік Қазақстан өңірінің жұртшылығы үшін маңызды деп ойлаймын. Бұл мұражайдағы тарихи жәдігерлердің бүгінгі жас ұрпаққа деген тәрбиелік мәні зор.

Сала мамандарын полиция департаменті музейінің 30 жылдығымен әр өңірден келген әріптестері құттықтады.

Алмагүл Сатмағамбетова – ҚР ІІМ музейінің басшысы:

– Патриоттық тәрбие ең алдымен тарихымыздан басталады. Жас қызметкерлер, оқушылар, студенттер біздің тарихымызды білулері тиіс.

Салтанатты іс-шарада музей қызметкерлері төсбелгі және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Оған қоса мұражайдың тұрақты қонақтарына да мақтау қағаздары табыс етілді. Тәртіп сақшыларының өткені мен бүгінгісінен сыр шертетін музейдің берер тәрбиелік мәні ерекше дейді мамандар.

Савердин Имиров – ҚР ҰҰ Әскери институты бастығының орынбасары:

– Біздің курсанттар полиция департаментінің мұражайына жиі барады. Мұнда олар дөңгелек үстел отырысын өткізіп, ой-пікірлерімен алмасады. Полиция департаментінің тарихына шолу жасап, тәртіп сақшыларының қиын да жауапты қызметтерінің маңызын түсінеді.

Облыстық полиция департаментінің музейінде бүгінде 4 мыңнан астам жәдігер сақталған.

Ешкенова Дана