Білім

Техникалық маман иелерінің үздігі анықталды

Үздік радиоэлектроник, тәжірибелі автомеханик және ең епті машина жинаушы. Бүгін Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінде кәсіби шеберлік байқауы ұйымдастырылды.

Мына шеберханада орта кәсіптік білім мекемесінің ең үздік радиоэлектронигі анықталып жатыр. Сайыскерлерге мынадай машинаның жүйелік платасын жасау талабы қойылған. Қатысушылар тапсырманы небәрі 30 минуттың ішінде орындауы тиіс. Данат Қалбанов болашақ кәсібінің қыр-сырын жетік меңгеру үшін тәжірибелік байқауға қатысуға бел буыпты.

Данат Қалбанов – Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті:

– Мен компьютердің жүйелік платасын жасаумен 3 жылдан бері айналысып келемін. Сондықтан, сайысқа қатысу мен үшін айтарлықтай қиын болған жоқ. Тапсырманы қарсыластарыма қарағанда жылдам орындадым.

Ал мына жерде есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету мамандығының студенттері компьютердің жабдықтарын жинақтауға кірісіп кеткен. Қатысушылар әр құрылғыны мұқият қарап, тапсырманы тияқнақтылықпен орындап жатыр. Себебі, шамалы қателік кетсе компьютердің пернетақтасы қосылмауы мүмкін. Жалпы, сайыста 3 құрама бақ сынасуда. Әр топта 3 адамнан бар. Соңында «Smartcam» командасы тапсырманы ең бірінші болып аяқтады.

Александр Супрунюк – Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті:

– Біз жүйелі блоктың ішкі бөлшектерді жинадық. Ең алдымен қатты дискті орнына қойдық. Кейін рет-ретімен жедел жадыны жөне контроллерлер орналастырдық. Тапсырма айтарлықтай қиын болған жоқ. Топпен жақсы жұмыс жасадық.

Кейін сайыскерлер жол ережелері бойынша сынақ тапсырды. Қатысушыларға кедергілерден өтуге 5 минут уақыт берілген. Айта кеткен жөн, байқауға куәлігі бар тәжірибелі жүргізушілер немесе құжатты алу үшін оқудан өтіп жүргендер ғана қатыса алды.

Жалпы, оқу ордасында кәсіби шеберлік байқауы жылда ұйымдастырылады. Колледж басшылығының сөзінше, мұндай сайыстар студенттердің тәжірибесін арттыруға септеседі.

Александр Мерк – Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры:

 – Байқау барысында ең үздік студенттерді анықтаймыз. Олар оқуды бітірген соң кейбіреулерін колледжде мұғалім ретінде алып қаламыз. Ал әр аталым бойынша бірінші орын алғандарды облыс орталығындағы өндіріс орындарына жұмысқа орналастырамыз.

Айта кетейік, бүгінде колледжде 800-ден астам студент 14 мамандық бойынша білім алып жүр.

 

 

Маржан Касымбек