Қоғам

Солтүстікқазақстандық жастар пікірлерімен бөлісті

Қарашаның 6-сы мен 8-і күндері Омбы қаласында Ресей мен Қазақстанның 16-шы өңіраралық ынтымақтастық форумы өткені мәлім. Алқалы жиын аясында қос елдің жас көшбасшыларының бірінші форумы да ұйымдастырылды. Бұл шараға мемлекетімізден белсенділігімен танылып жүрген 50 адам қатысты. Олардың арасында солтүстікқазақстандықтар да бар.

Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумы биыл 16-шы мәрте ұйымдастырылды. Осы жолғы алқалы жиынның өзгелерден бір ерекшелігі бар. Оның аясында 2 мемлекеттің жас көшбасшылары тұңғыш рет бас қосты. Яғни, белсенді қыз-жігіттердің бірінші форумы өтті. Шара барысында біраз өзекті мәселе талқыланыпты. Мәселен, «Жасыл ел» еңбек жасағы облыстық штабының жетекшісі Асқар Баймұқанов ауыл жастары кезігіп отырған проблемаларды жіпке тізген. Азаматтың айтуынша бүгінгі күні елді мекендерде тепсе темір үзетін жандардың көбі бос жүр. Сондай-ақ, селолардың біразында спорт, мәдениет нысандары жоқ, мектептер қажетті дүниелермен жабдықталмаған.

Асқар Баймұқанов – «Жасыл ел» еңбек жасағы облыстық штабының жетекшісі:

– Сессия барысында ресейлік әріптестерім мұндай өзекті мәселе Қазақстанда ғана емес, Ресейде де барын айтты. Сөйтіп, біз сол жерде бірлесе отыра ұсыныс әзірледік. Оны кейін 2 елдің басшылығына жеткіздік. Алдағы уақытта жоспарымыз үкімет тарапынан қолдау тауып, жүзеге асады деп ойлаймын. Өйткені, қазірден ауылдарды көркейту қажет. Жай ғана бір-екі іс тындырып емес, кешенді түрде дамытқан жөн.

Бұдан бөлек, Асқар Баймұқанов қазақстандық жастарға жасалып жатқан жағдайлар жайлы айтыпты. Әсіресе, жерлесіміз “Дипломмен ауылға” бағдарламасы туралы баяндаған. Мемлекеттік жоба ресейліктердің көңілінен шыққан екен. Олар өзімізде осындай бастаманы қолға алу қажет деген пікірлерін білдіріпті. Бұл жиын барысында талқыланған жалғыз тақырып емес. Қатысушылар еріктілер қозғалысын дамыту туралы да әңгіме қозғаған. Елімізде аталған бағытта біраз шаруа тындырылып жатыр. Қазіргі таңда теріскейлік белсенді ұл-қыздар түрлі іс-шараларға қатысады.

Лилия Гизатуллина – СҚО еріктілер клубының жетекшісі:

 – 6 солтүстікқазақстандық ерікті Омбы қаласында өткен Ресей мен Қазақстанның 16-шы өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысты. Біз онда қонақтарды қарсы алдық, жиын барысында келушілерге бағыт-бағдар бердік, өзге де жұмыстарды тындырдық. Мұндай істі жақсы білеміз. Қаламызда ұйымдастырылған былтырғы шара кезінде барлығын үйреніп алғанбыз. Осы жолғы форумнан мол әсер алдық әрі біраз тәжірибе жинақтадық.

Жастар медиясы. Сессиялық отырыстардың бірінде осы тақырып та қаузалыпты. Тағы, туризмді дамыту жайы да тілге тиек болған. Бұл бағытта қос елдің қыз-жігіттері ерекше бастаманы қолға алмақшы.

Ирина Тухватулина – СҚО жастар саясаты мәселесі жөніндегі басқармасының басшысы:

– Форумда омбылық жастарды өңірімізге шақырдық. Нақтырақ айтсам, оларға жаз айларында “Шалқар-Имантау” курорттық аймағында еріктілік жұмыс атқаруды ұсындық. Үзеңгілестеріміз біздің өңірде Ресейден келетін қонақтарды қарсы алып, қызмет көрсететін болады. Бұл бастаманы олар қуана-қуана қолдады.

Жалпы, тұңғыш рет ұйымдастырылған 2 елдің жас көшбасшылары форуымына 100 адам қатысыпты. Оның 50-і – қазақстандықтар.

Култанов Байболат