Құқық қорғау органдары

Петропавлда супермаркеттегі сақтау камерасынан сөмке ұрланды

Сөмкесін супермаркеттегі сақтау камерасына салған петропавлдық зейнеткер мүлкінен айырылып қала жаздады. Бәз біреу ұяшықты ашып, іштегі дүниені жымқырып кетіпті. Ал қылмыстың орын алғанын дүкен күзетшілері байқамай да қалған. Ақыры ұры табылды.

Қарашаның екісі болған оқиға бұл. Супермаркетке кірмес бұрын әдеттегідей зейнеткер заттарын ұяшыққа салады. Алаңсыз керегін сатып алады, ақшасын төлейді. Кейін манағы ұяшықты ашқанда жағасын ұстайды. Сақтау камерасы бос. Сөмкемен бірге ұры оның ұялы телефонын, пәтерінің кілті мен құжаттарын қолды қылған. Жәбірленуші бірден полицияға хабарлайды.

Қайрат Қасенов – СҚО ПД тергеу басқармасының аса маңызды істер бойынша аға тергеушісі:

– Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде қылмыскерді ізін суытпай қылмыс орын алған жерде ұстадық. Бұл қылмыс үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Ал әзірге баукеспеге қатысты тергеу жүріп жатыр. Қолының жымысқысы бар жігіт бұған дейін де мұндай қылмыстары үшін жауапкершілікке тартылса керек. Осындайда еріксіз ойға келетін сұрақ: ұяшықта қалдырған заттарымыздың осылай қолды болмасына кім кепіл?

Саят Ермек – тілші:

– Сақтау камералары кез келген супермаркетте бар. Сөмке-пакеттерімізді біз мұнда алаңсыз қалдыра береміз. Кей жағдайда тіпті күзетшілер де мұны талап етіп жатады. Мүлкіміз сақтаулы деп сенеміз, алаңдамаймыз. Алайда, асықпай сауда жасап жүргенде заттарымызға кім қарайлайды?

Павел Афанасьев, заңгер:

– Азаматтық кодексте мүлікті сақтауға білдей бір бөлім арналған. Қонақүй, аурухана немесе шипажайда адамның жеке заттары жоғалса, оған сол мекеме басшылығы жауапты. Бұл қағиданың дүкен-супермаркеттерге де тікелей қатысы бар. Егер ұрланған дүние табылмаса, басшылық оның құнын өтеуге міндетті.

Ал егер сатып алушы заттарын ұяшықта қалдырғысы келмесе ше? Сөмкесін өзімен алып жүруге оның толық құқығы бар. Сақтау камерасына салу міндет емес. Бұл жай ғана қосымша қызмет.

Павел Афанасьев, заңгер:

– Егер зат жоғалса, бұл дүкен басшылығы үшін қосымша шығын ғой?! Алайда, көп жағдайда олар кәсіби күзетуді қамтамасыз етпейді. Мұндай ұяшықтарды басқа кілтпен ашу оп-оңай.

Дүкен қызметкері жақындап, сөмкеңізді ашып көрсетіңіз десе де бас тартуға құқылысыз. Өйткені сөрелердегі тауардың қауіпсіздігін күзетшілер клиентті тінтімей-ақ бақылауы керек. Оған қоса бұрыш-бұрышта бейнекамералары бар. Күзетшілер манағы ұяшықтардағы дүниенің де ұрланып кетпеуін қадағалауы тиіс. Бірақ, бүгінде бұған сауда орындарының қожайындары тарапынан жіті мән берілмей жатқаны қынжылтады, әрине.

Саят Ермек