Құқық қорғау органдары

Петропавлда екі жасөспірімді көлік қақты

Көктайғақтың кесірі ме әлде жүргізушілердің салғырттығы ма? Бір күнде Петропавлда екі бірдей жасөспірімді көлік қағып кетті. Қос жәйт те кеше орын алды.

Батыр Баян, Егемен Қазақстан мен Интернационал көшелерінің қиылысында 4-ші сынып оқушысын автобус соқты. Қоғамдық көліктің тізгінінде 49 жастағы ер адам отырған. Жеткіншек ауруханаға жеткізілді. Екінші жол апаты 20-шы ықшам ауданындағы Шухов пен Набережный көшелерінің қиылысында болды. “Шевроле” көлігін басқарған 18 жастағы жүргізуші жолақтан өтіп бара жатқан жүргіншілерге жол бермеген. Салдарынан 16 жасар қыз жапа шекті. Бойжеткенге тиісті медициналық көмек көрсетілді. Бүгінде көліктер арнайы тұраққа қойылды, ал қос жүргізушіге қатысты әкімшілік іс қозғалды. Апаттарға олардың кінәлі екені анықталса, екеуі де жауапкершілікке тартылады.

Култанов Байболат