Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өлкеге биыл келген бірқатар ақхалаттыға көтермеақы берілмеген

Өлкеге биыл келген 60-қа тарта ақхалатты баспанасыз отыр. Ал Петропавлдағы дәрігерлердің бірқатарына уәделі 500 мың теңгенің көтермеақысы да берілмепті. Мамандарға жағдай жасауға құлықсыз атқамінерлер бүгін аймақ басшысынан сын естіді. Әкімдік отырысында облыстың соңғы 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы да қорытындыланды. Кей шенділер жоспарды жөнді орындамай жатыр. Бір ауданда – өнеркәсіп, екіншісінде сүт өндірісі ақсап тұр.

Асқар Сақыпкереев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Өткен жылғы сәйкес кезеңге қарағанда негізгі капиталға инвестициялар көлемі – 13,3%, құрылыс жұмыстарының көлемі – 3,9%, бөлшек сауда – 2,9%, ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі – 2,6%, тұрғын үй енгізу – 2,1%, өнеркәсіптік өндіріс 1,1% ұлғайды.

Соңғы 10 айдың нәтижелері осындай. Солтүстік Қазақстан әлеуметтік-экономикалық тұрғыда тұрақты дамып келеді. Алайда, бұл – жалпы сандар. Ал әр саланы бөлшектеп қарағанда теріс динамика да жоқ емес. Әсіресе, аудандарда.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 10 айдың қорытындысы бойынша Жамбыл және Тимирязев аудандарында 3 көрсеткіш бойынша теріс динамика байқалады. Ал Аққайың мен Қызылжар аудандары 2 көрсеткіш бойынша жоспарды орындамаған.

Айыртауда қиыршық тас өндіріледі. Биыл ауданға да, оның орталығы – Саумалкөлге де жолдарды жөндеуге қыруар қаржы бөлінді. Алайда, сол қиыршық тас өндірісінің көлемі төмендеген. Неге?

Бейбіт Исманов – Айыртау ауданының әкімі:

– Жолдардың басым бөлігін “Көкшетау жолдары” компаниясы жөндеді. Құрылысқа қажетті қиыршық тас, құм мен асфальт-бетон қоспасын олардың өздері Ақмола облысында өндіреді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ақша бөлдік. Мердігер таптыңыздар. Жақын жерде қиыршық тас шығарылып жатқанда манағы “Көкшетау жолдары” оны неге алыстан тасиды? Бізден алуға да болар еді ғой! Яғни, көндіре алмай отырсыздар, келіссөздерді дұрыс жүргізбегенсіздер. Менің ойым – сол. Өз қазынамызға түсуі тиіс қаншама салықтық кірісті Ақмолаға сыйлап отырмыз.

Шал ақында ауданында теріс динамика сүт өндірісінде байқалады. Бұған “Сергеевка сүт өнімдері” зауыты себеп болып отыр. Мәселе мынада: тұрғындар ақты зауытқа емес, кооперативке өткізгенді жөн көреді екен. Өйткені, ол 10 теңгеге қымбатырақ алады. Сәйкесінше, “Сергеевка сүт өнімдері” шикізат тапшылығын көріп отыр. Құмар Ақсақалов зауытқа неге көмектеспейсіңдер деп аудан шенділерін сынға алды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Салықты кім көбірек төлейді, зауыт па әлде ауыл шаруашылығы кооперативі ме? Әрине, зауыт. Ендеше мәселен кәсіпорын басшылығымен неге бірлесіп шешпейсіздер? Кооперативтердің жолын бөгемей-ақ зауытқа шикізат көлемін арттыруға қолғабыс ету керек. Директормен кездесіп, жағдайды талқылап, біржақты етіңіздер.

Ал Аққайыңда нан-тоқаш шығару жағы ақсап тұр. Жыл соңына дейін жағдайды түзетеміз деп уәде берді аудан әкімдігі. Алайда, жоспарды артығымен орындаймыз деп тыртық қылып жататын әдеті бар ғой атқамінерлердің. Ауданда ірі нан-тоқаш комбинаттары жабылып қалмас үшін ас атасының бағасы шарықтап кетуі мүмкін. Бұған жол бермеуді тапсырды облыс әкімі.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл бидайдың бір тоннасы 87 мың теңге тұрады. Былтыр 50 мың болды. Сондықтан, әр агрокомпанияның өзі шағын наубайхана аша алады. Қондырғыларды алып, ас атасын өздерінде пісірсе жақсы емес пе? Сонда нанды қымбаттатпай, ұстап тұруға болады. Бәсекелестік болса, үлкен комбинаттар да шарықтатпайды бағаны.

Өңірдің даму қарқынын қорытындылай келе Құмар Ақсақалов қарамағындағы шенділерге тағы бір тапсырма берді. Жоспарды 100 пайыз орындау – бұл нәтиже емес деді ол. Әр әкім, әр басқарма басшысы шаруаны артығымен тындыруы керек, динамика болуы тиіс. Сонда ғана оның жұмысына оң баға беруге болады. Ал жоспарды артығымен орындау былай тұрсын, 100 пайызға да жеткізбеген аудан әкімдері бар. Жуық арада олар жағдайды түзетпесе, сөгіс алуы мүмкін.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Облыс бюджеті әзірге 99 пайызға игерілген. Игерілмеген сома шамамен 2 млрд теңгені құрап отыр.

Көріп тұрғанымыздай, қазына қаражатын жөнді әрі уақытылы жұмсау жағы да көңіл көншітпейді. Игере алмай жатқандардың қатарында Ақайың, Ақжар мен Қызылжар аудандары бар. Таяқтың бір ұшы жолдарға жауапты Владимир Балахонцев мырзаға да тиді. 2 млрд теңгенің 452 млн-ы жұмсалмай Петропавл бюджетінде қалып қойған. 155 млн-ға шаһардағы су құбырлары жаңартылуы тиіс еді, бірақ уақыт жоғалып, жұмыс жуырда ғана басталған.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Жұмыс көлемі ауқымды болғандықтан үлгермей жатырмыз – бұл бір. Екіншіден, мердігер компания қараша айында ғана табылды. Ал қаражат наурызда бөлінген болатын.

Жылдың басында берілген ақшаны жыл соңында игерілмей қалуын Құмар Ақсақалов қатаң сынға алды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Барып тұрған бассыздық қой бұл?! Енді қара күзде қатып қалған жерді қазып, құбыр жөндейтін боламыз. Осыдан кейін адамдар қалай шағымданбайды? Ақша бердік пе, игеру керек. Үлгере алмай жатсаңыздар, қазынаға қайтарып беріңіздер. Басқасына жұмсаймыз, шешілуі тиіс проблемалар жететін бізде.

Иммун тапшылығының синдромын жұқтыру – 19, туберкулезбен ауыру шамамен 3 процентке, ал қан айналымы дерттерінен көз жұму жағдайлары 11,5 пайызға азайған. Бұл – мемлекеттік “Денсаулық” бағдарламасының Солтүстік Қазақстандағы нәтижесі. Алайда, өңірде әлі инсульт алатындар және онкологиямен ауыратындар көп дейді Тимур Сұлтанғазиев. Осы және өзге де кеселмен күрес қазір қарқынды жүріп жатыр. Денсаулық сақтау саласы – атқарушы биліктің назарында.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз 3 негізгі бағытқа басымдық беріп отырмыз. Біріншіден, бұл – кадрларды тарту, екіншіден – қондырғыларды сатып алу, ал үшіншіден – қаржыландыруды арттыру. Ақшаны көбірек бөлмей, саланы дамыта алмаймыз. Сондықтан, 2018-де денсаулық сақтауға 32 млрд берсек, биыл сома 37 млрд-қа жетті. Ал келер жылы тіпті 43 млрд теңгеге дейін өсірмекпіз.

Нәтиже жаман емес. Жұртшылық тарапынан шағымдар азайып, медицинаға деген сенім аз да болса артуда. Мәселен, биыл Петропавлдағы – 5, ал аудандардағы 9 емханаға электрондық кезек ендірілді. Енді бұқара дәрігердің қабылдауына талон арқылы кіреді, осының арқасында дәліздегі ұсын-сонар кезек азайған. Әрі халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамтуда да оң өзгеріс жоқ емес.

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Жұртшылық тарапынан базыналар саны 28 пайызға қысқарды. Препараттар уақытылы жеткізілетін болды – бұл бір. Екіншіден, емханалар олардың қажетті көлемін дұрыс жоспарлауды үйренді. Негізі, биыл халықты дәрі-дәрмекпен қамтуға 3,2 млрд теңге бөлінді, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 800 млн-ға көп. Тегін препараттарға қол жеткізген жерлестеріміздің саны 5 мыңға көбейді. Вакцинаны да 2019-да 25 пайызға көбірек алдық.

Ангиограф, томограф, маммограф сияқты қымбат қондырғылар алынып, өңірге дәрігерлер де тартылып жатыр. Оларға баспана беріліп, көтермеақы төленуде. Құмар Ақсақаловтың сөзінше, биыл ауылдарға қызметке келген 53 ақхалаттыға 1,5 млн теңгеден беріліпті. Бірақ, бұл ретте қаладағы жағдай басқаша көрінеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қалаға жұмысқа келген 26 дәрігерге әлеуметтік көмек тиісті деңгейде көрсетілмей жатыр деген ақпар бар. Көтермеақы неге берілмеді?

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Бұған дейін бюджеттен ақша қарастырылмаған еді. Бір ай бұрын қаржы бөлінді, бәріне тиісті көтермақыны төлейміз.

Бұдан бөлек Петропавлда 42 дәрігер пәтерін күтіп отыр әлі. Уәделі баспаналарын олар енді келер жылы ғана алады. Шал ақын, Қызылжар мен Аққайың әкімдіктері де сырттан келген ақхалаттыларға үй беруге асығар емес. Құмар Ақсақалов мұны сынға алды, өйткені жағдай жасалмай жатыр деп мамандардың тайып отырмасына кім кепіл. Ал бізге оларды қайтсе де ұстап қалу керек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Көмектесу керек. Егер жасалып жатқан жағдай ұнап жатса, бірде-бір дәрігер кетіп қалмайды. Тиісті көңіл бөлу – бұл жергілікті атқарушы биліктің міндеті. Өйткені, біз үшін әрбір ақхалатты маңызды. Халықтың денсаулығы оларға тікелей тәуелді.

Биыл СҚО-на жүзге тарта дәрігер келіп, тапшылық шамамен 25 пайызға қысқарған. Бәрақ, әлі де 200-дей маманға зәруміз. Сондықтан, көтермақы мен үй беру үрдісін жүйелеңдер деп облыс әкімі пәрмен берді.

Саят Ермек