МТРА жаңалықтары

Петропавлда су құбыры жарылды

Петропавлдың Жас өркен ықшам ауданында су құбыры жарылды! Оқиға бүгін күндізгі 12 жарымдар шамасында Парк және Борис Петров көшелерінің қиылысында орын алды.

Апат салдарынан маңай қас қағым уақыт ішінде көлшікке айналды. Және Карбышев атындағы №40 орта мектеп пен бірнеше баспана тіршілік көзінсіз қалды. Жедел хабарды ала сала “Қызылжар су” серіктестігінің өкілдері іске кіреседі. Олар оқиға орнына бірден жетіп, 15-20 минуттың ішінде айналаға жайылған суды арнайы қондырғылардың көмегімен сорып алды. Білім ошағы мен үйлерге ауыз су жеткізілді. Қазір апат орнында қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Арман Саутов – “Қызылжар су” ЖШС техникалық директоры:

– Диаметрі 500 мм-ді құрайтын құбыр жарылды. Нақтырақ айтар болсам, құбырлардың қосылған жері бір-бірінен ажырап кеткен. Салдарынан нысандар сусыз қалды, маңайға тіршілік көзі жайылды. Тиісті жұмыстар түнге дейін аяқталып, су берілетін болады.

 

 

 

 

 

Култанов Байболат