МТРА жаңалықтары

Еріктілер ұйымдары бірлесе жұмыс істемек

Келер жылдан бастап Қазақстандағы еріктілер ұйымдары бірлесе жұмыс істемек. Бұған жергілікті белсенді жандар білек сыбана дайындалып жатыр. Жастар аудандарға сапар жасамақ. Онда үзеңгілестерімен жүздесіп, алдағы уақытқа жоспар құратын болады.

Бүгінгі күні елімізде 300-ге тарта еріктілер клубы бар. Ұйымдарға 50 мың тұрғын мүшелік етеді. Белсенді жандар ауқымды жұмыс тындырып жатыр. Мысалы, олар қоғамдық жиындарға ат салысады. Түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, науқас балалардың еміне ақша жинайды, өрттен, тасқыннан зардап шеккендерге көмектеседі, аға буын өкілдеріне жәрдемдеседі. Сондай бірлестіктердің арасында “28 ілмек” те бар. Мұндағы адамдар жетілмей туылған ұл-қыздарға арнап жүннен киім тоқиды.

Мәдина Сиғазиева – Ұлттық еріктілер желісінің өкілі, Нұр-Сұлтан қаласы:

– “28 ілмек” қайырымдылық клубы осы күнге дейін 134 мың жиынтық киім тоқыды. Іске 1926 адам жұмылдырылған. Қазақстанда ” Ұлттық еріктілер желісі” де жұмыс істейді. Аталған ұйым өкілдері 5 жыл бойы “Жеңіс” жобасы аясында ҰОС-ы ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне көмек көрсетіп жүр. Әрі түрлі іс-шаралар өткізеді.

Енді, солтүстікқазақстандық еріктілерге келейік. Өңірде іздеу жасағы құрылған. Оның құрамына 500-ге тарта жерлесіміз кіреді. Ең үлкені – 72 жаста. Бұл жандар із-түссіз жоғалған адамдарды табуға ат салысады. Ал өзгелері соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің шаруасына көмектеседі. Тіпті, иесіз жүрген үй жануарларына жәрдемдеседі, түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Мұндай белсенді тұрғындар өлкеміздің әр ауданында бар. Көңілге кірбің түсірері, олар бір-бірмен байланыста емес.

Лилия Гизатуллина – СҚО еріктілер клубының жетекшісі:

– Келер жылға жоспар әзірлеп қойдық. 2020 жылы өңіріміздегі барлық еріктілер ұйымдарын біріктіргіміз келеді. Яғни, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлесе жұмыс істеуді көздеп отырмыз. Ол үшін алдымен аудандарға турлар ұйымдастырамыз. Онда белсенді жандармен танысамыз, волонтерлік тақырыбында кездесулер өткіземіз.

Айта кетейік, қазір еліміздің әр өңірінде осы бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Яғни, еріктілер ұйымдарын бір-бірімен байланыстыру мақсатында ауқымды шаруа тындырылуда. Ол үшін үйлестіру орталықтары құрылған. Солтүстік Қазақстанда мұндай орталық қыркүйектен бері жұмыс істейді.

 

 

Култанов Байболат