ТЖ

Аққулар құтқарылды

Солтүстікқазақстандықтар жергілікті табиғат қорғаушыларын “Аққуларды құтқарыңдар!” деп әлеуметтік желіде жаппай өтініп жатыр. Міне, бүгін аумақтық инспекция мен төтенше жағдайлар департаментінің мамандары 10 шақты сұңғақмойындыны аман алып қалды. Қала маңындағы көлдердің бірін паналайтын құстар жылы жаққа ұшып кеткен ұяластарына ере алмай қалған. Олар қауіпсіз ортаға жіберілді.

Тұрғындар әлеуметтік желіде жаппай өтінген көмек аққуларға бүгін жетті! Қазір күндізгі 11-12-лер шамасы. Бір топ құтқарушы мен инспектор қанаттыларды мұз құрсауынан сәтті алып шықты.

Сұңғақ мойындылар аман қалды осылайша. Алайда, өзге ұяластары қытымыр қыс келгенше жылы жаққа ұшып кеткенде, бұл құстар өлкеде неге қалып қойды? Мамандар айтуынша, олардың қиқулап көкке көтерілетін мүмкіндігі де болмаған.

Олег Беспалов – СҚО орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының бөлiм басшысы:

 – Аққулар негізі мамырда балапандайды. Бұл құстар биылғы көктемде туылған. 6 ай ішінде қанаттары қатайып үлгермегендіктен, олар жылы жаққа ұша алмай қалған. Құс жабайы болғандықтан, ұстау қиын. Қолға түсіреміз деп мұз үстімен қуып, әбден әбігер болдық.

Саят Ермек – тілші:

– Аумақтық инспекция мамандары мен құтқарушылар бұл жолы аққудың 10 шақтысын құтқарып қала алды. Алайда, алыста, көлдің ортасында құстардың әлі 5-6 дарасы жүр. Оларды ұстау мүмкін болмады, өйткені көлдің кей учаскелерінде мұз әлі де жұқа. Сондықтан, жарылып кетуі мүмкін.

Сол 5-6 дараны құтқару үшін мұз қалыңдағанда, табиғат қорғаушылары қайтып келеміз дейді. Негізі, аққулар аязға төзімді, алайда мұнда оларды қалдыруға болмайды. Өйткені, жабайы аңдарға жем болып, қырылып қалуы мүмкін. Ал құтқарылған құстар қайда барады? Осыны білмекке, инспекторларға еріп қала сыртына жол тарттық. Қанаты қатаймаған қанаттылар ботаникалық баққа емес, жабайы ортаға жіберіледі екен.

Саят Ермек – тілші:

– Жылы жаққа ұша алмай қалған аққулар мынадай жылы каналға жіберіледі. Бұл каналдың суы теріскейдің қақаған аяздарында да қатпайды екен. 6 ай қысты енді құстар осында өткізетін болады.

Енді, аққуды күнде суға босатпаймыз ғой. Сондықтан сәл епсіздік танытқан жайымыз бар. Алайда, алғашында мойынын суға тыққан кербез құс, кейін әдемі жүзе жөнелді. Осында қыстап шыққан уақыт ішінде сұңғақмойындылардың қанаты қатаяды, әрине. Сондықтан, келесі қара күзде олар емін-еркін жылы жаққа ұшып кете алатын болады.

 

 

 

 

 

 

Саят Ермек