Құқық қорғау органдары

Орманнан екі жастың мәйіті табылды

Тәртіп сақшылары орманның ішінен  асылып қалған қыз бен жігіттің мәйітін тапты. Сұмдық жағдай өткен жұмада Аққайың ауданындағы Смирново ауылына жақын жерде орын алған. 16 жастағы бойжеткен Көкшетау қаласындағы колледждердің бірінде оқыпты. Ал жігіт – Талшық ауылының тұрғыны. 23 жастағы азамат әскери қызмет атқарған.

Болжам бойынша, екеуінің арасында бір-біріне деген сезім болған. Бірақ, олардың жүруіне туыстары қарсылық білдірген көрінеді. Бейресми мәліметтер бойынша қыз бен жігіт өздеріне қол жұмсамас бұрын “біз бұлай өмір сүре алмаймыз” деген жазба қалдырыпты.

Сән Жұмағазина – СҚО ПД ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің бас маманы:

– Мәйіттер сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Оқиға орнынан туыстарына арналған өлімалды хаттары, жігітке тиесілі ВАЗ 2109 автомашинасы алынды. Өзін-өзі өлтіру фактісі сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

 

Маржан Касымбек