Денсаулық сақтау

Қарашаның 21-і – Халықаралық темекіден бас тарту күні

Қарашаның 21-і – Халықаралық темекіден бас тарту күні. Осыған орай салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары шылым шегуге құмар жандарды зиянды әдеттен бас тартуға шақырды.

Шылымнан келер пайда жоқ. Не қалтаға, не денсаулыққа. Темекінің зияны туралы жылдар бойы айтылып келеді, зерттеліп келеді. Оның ағзаға кері әсері ғылыми тұрғыда дәлелденген. Бірақ, содан лезде бас тарта алатын адамдар некен-саяқ. Өйткені, белгілі бір уақыт бойы шылым шеккен адамның бойында кәдімгі әдет қалыптасады екен. “Ауру қалса да, әдет қалмайды” демекші, оны жеңу қиын. Осы орайда мамандар темекіден бас тарту қажет екендігін тағы бір рет ескертті. Өйткені, жаман әдет бір аурудың пайда болуына немесе асқынуына әкеп соқтырады.

Лариса Михеева, СҚО бойынша салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігері:

– Темекі шегетін адамның тыныс алу жолдарында бронхит пен эмфизема сияқты арурулар пайда бола бастайды. Тағы шылымдағы қоспалар созылмалы бронхит, өкпе ісігі мен туберкулезді асқындырып жібереді.

Мамандардың айтуынша өкпе дертіне шалдыққандардың 90 пайызын шылым шегушілер құрайды. Бұл зиянды әдет өлімге әкеп соқтыруы мүмкін аурулардың шығу себептерінің қатарында көш бастап тұр. Темекінің адамның денсаулығына ғана емес, бет-әлпетіне де кері әсер етеді.

Лариса Михеева: СҚО бойынша салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігері:

– Шылым шегетін адамды қоғамдық орындарда тез байқауға болады. Мысалы, зиянды әдеті бар жандардың тістері сарғыш келеді. Терісінің түсі өзгешелеу болады. Сондай-ақ, шашы түсіп, жаяу жүргенде дем алуы қиынға соғады.

Александр Володин – невролог. Оның пікірінше шылым шегудің салдарынан адамның жүйке жүйесіне айтарлықтай зиян келеді екен.

Александр Володин, «Денсаулық» жеке коммерциялық емес мекемесінің невролог-дәрігері :

– Зиянды заттармен дем алған сайын жүйке жүйесінің әр жасушасы өз қызметін 1-2 секундқа тоқтатады. Нәтижесінде жасушалардың кейбірі солып қалады. Темекі шеккен қыз-келіншектерде баланың дені сау болып тууылуына ықпал ететін жасуша зақымданады. Салдарынан мүгедек бала дүниеге келуі мүмкін.

Салауатты өмір салтын ұстанатын жандардың қатарын арттыру мақсатында елімізде түрлі іс-шаралар атқарылып келеді. Ақпараттық-түсіндіру шараларынан бөлек заң тұрғысынан да. Мәселен, қоғамдық орындарда шылым шеккені үшін 7 мың теңгеден астам айыппұл қарастырылған.

Актолкын Солтанханкызы