Білім

Ғылыми жобалар байқауының облыстық кезеңі өтті

Ойы ұшқыр, идеясы ерекше жастардың жарысы! Петропавлда ғылыми жобалар байқауының облыстық кезеңі өтті. Сайысқа 200-ден астам солтүстікқазақстандық мектеп оқушысы қатысты. Шара барысында ұл-қыздар экономика, техника, биология, медицина және мәдениет салаларына қатысты жазылған жұмыстарын қорғады.

Мұнда тұрғандардың барлығы – қалалық және аудандық байқауларда топ жарғандар. Бүгін олар облыстық кезеңде бақтарын сынап жатыр. Дарынды жастардың ғылыми жобалары түрлі тақырыпта жазылған. Бірі қоршаған орта мен адам денсаулығын қорғағысы келсе, енді біреулері ел экономикасының дамуына үлес қосып, бизнеспен айналыспақшы. Дариға Смаилова Шал ақын ауданынан келіпті. Білімді қыз озық елдердің тәжірибесі бойынша өз ауылында құс өсіруді қолға алғысы келеді.

Дариға Смаилова – Новопокровка орта мектебінің оқушысы, Шал ақын ауданы:

– Менің бизнес жоспарым құс өсіруге бағытталған. Өйткені, ол қазіргі күні көп сұранысқа ие. Және адам денсаулығына өте пайдалы.

Бүгінгі күні ғаламдық проблемалардың бірі – жер бетіндегі пластик қалдықтардың көбеюі. Өйткені, ол жүздеген жылға дейін ыдырамай, топырақ астында жата береді. Одан қоршаған орта зардап шегіп шатыр. Смирнов орта-мектебінің 10-шы сынып оқушысы Аина Даулиева бұл мәселені жоюдың амалын таптым дейді. Ол бүгінгі байқауға табиғи биопластик жасап әкеліпті.

Аина Даулиева – Смирнов мектеп-гимназиясының оқушысы, Аққайың ауданы:

–  Менің қолымдағы – агар-агар, глицерин, су және сірке қоспаларынан жасалған пластик. Бұл табиғи таза өнім боп саналады. Өйткені, ол мұнайдан жасалмаған. Қоршаған ортаға ешқандай зиян тигізбейді және тез ыдырайды. Оны жасау үшін менің 3-4 күн уақытым кетті. Алдымен қажетті қоспаларды араластырып алдым. Кейін оны қалыпқа салып, кептірдім.

Дарынды ұл-қыздардың жасаған дүниелері таңдай қақтырады. Бүгінгі жарыста осындай 200-ден астам білімді оқушы өз ғылыми жобаларын ортаға салып жатыр.

Ғалия Тәшібаева – Білім саласындағы әдістемелік және ақпараттық технологиялар орталығының аға әдіскері:

– Конкурстың негізгі мақсаты – ең талантты, ең дарынды жастарды іріктеп, оларға қолдау көрсету. 168 жоба. Оның ішінде 27-сі -командалық жұмыстар.

Байқау жеңімпаздары 1, 2 және 3-ші дәрежелі дипломдармен марапатталады. Кейін іріктеу кезеңіне өтеді. Олар желтоқсанның 11-і күні бейіндік пән бойынша онлайн тест тапсырады. Және қаңтар айының 11-і мен 14-і күндері аралығында Алматы қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алады.

 

 

Бердимурат Баймухан