Денсаулық сақтау

Санитарлық авиацияның жұмысы

Шалғай ауылда науқасқа жедел медициналық көмек қажет болғанда әуеге санитарлық авиацияның ұшағы көтеріледі. Осы мақсатпен биыл мамандар өңір аудандарына 30 рет ұшқан. Кеше ғана дәрігерлер Сергеевка қаласына барып, дерті асқынған жанға тиісті көмек көрсетіп қайтты.

Мұндағы санитарлық авиация қызметіне күніне кем дегенде 10-ға жуық қоңырау түседі. Жедел жәрдемнің бұл бөліміне жүгінетін жандардың бірі елді мекеннен қалаға жеткізуді сұраса, енді бірі аудан орталығына білікті дәрігерлерді шақыртады.

Светлана КИМ: СҚО бойынша санитарлық авиация қызметінің үйлестірушісі:

– Негізі, аудандарда хирург, анестезиолог сынды дәрігерлер жетіспейді. Сол себепті, науқастар бізге хабарласып көмек сұрайды. Қоңырау түскен сәтте біз бірден кезекші дәрігерлерге хабар береміз. Арнайы топ 45 минутта дайын болып, жолға шығулары тиіс.

Жақын маңдағы ауылдарға дәрігерлер жол талғамайтын көлікпен шығады. Ал алыс әрі шұғыл жағдайларда мамандар үшін басқа техника қарастырылған.

Ақтолқын СОЛТАНХАНҚЫЗЫ: тілші:

– Бұл – АН-2 ұшағы. Дәл осы әуе көлігімен дәрігерлер шұғыл шақырту түскен жағдайда шалғай орналасқан ауылдарға барады. Оның өзіндік артықшылығы бар. АН-2 қонарға жер талғамайды. Яғни, кез келген жерге қона береді.

Әуе көлігі биыл қаңтар айында ғана күрделі жөндеуден өткен екен. Осы аралықта жаңартылған ұшақ әуеге 30 рет көтеріліпті.
Негізі, АН-2 көлігінің бортында командирден бөлек екінші ұшқыш пен авиациялық техник және дәрігерлер болады.

Иван НИКИТИН: ұшақ командирі:

 – Алыс аудандарға әуе көлігімен жету өте ыңғайлы. Себебі, дәрігерлер жолға уақыт шығындамайды. Мысалы, алыс орналасқан Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл ауылына машинамен 5 сағат жүресің. Ал дәл осы аралықты ұшақпен 1,5-2 сағатта бағындырамыз.

Әуе көлігі көкке кеше ғана көтеріліпті. Ұшақ Шал ақын ауданына барған екен. Санитарлық авиацияға хабарласқан жан бүйрегі ауыратын көрінеді. Өйткені, нефролог маманды шақыртыпты. Білікті дәрігер Сергеевкаға жете салысымен кеңес өткізіп, ота жасауға бел байлапты. Қазіргі күні емделушінің жағдайы қалыпты, ота сәтті өткен.

Иван НИКИТИН: ұшақ командирі:

– Кеше Шал ақын ауданынан кешкі 5 жарымда оралдық. Негізі, қалаға күн батқанша жетуіміз керек. Себебі, қараңғыда қону қиынға соғады. Желдің екпінін де ескеру керек. Егер жел ұйтқыса әуеге көтерілмейміз. Сондықтан, мамандар күн сайын бізге ауа райы туралы мәлімет беріп отырады.

Жалпы, санитарлық авиация қызметіне қарасты ұшақтан басқа тағы 5 реанимобиль бар. Осы көліктердің көмегімен мамандар жарты жылдың ішінде Петропавлға ауылдардан 94 науқасты әкелсе, Нұр-Сұлтанға дәрігерлердің қарауына 16 адамды жеткізген.

Актолкын Солтанханкызы