МТРА жаңалықтары

Өңірде соңғы бірнеше айда 5 адам суға батып кеткен

Биылғы күзде өлкедегі өзен-көлдерге 5 адам батып кеткен. 3-уі – балықшылар. Қаза тапқандар мұздың жұқа екеніне назар аудармаған. Негізі, балық аулауды ұнататындар көп жағдайда қарапайым қауіпсіздік ережелерін елемейді дейді мамандар.

Қара күз келсе де, өлкеде сынап бағанасы әлі минус 10 градустан төмен түскен жоқ. Бұл өзен-көлдерді жапқан мұздың әлі жұқа екенін белдіреді. Алайда, қыста қармақ салуды жаны сүйетіндерге бұл кедергі емес көрінеді. Соңғы бірер күн ішінде құтқарушылар судан 3 балықшының мәйітін тапқан.

Ерік Сарыбаев, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– 5-ші қараша күні Есіл өзенінде суға кетіп отыр, ал соңғы жағдай бүгін болды. Есіл ауданында екі бірдей балықшы мұздың жарылып кетуіне байланысты суға кетті.

Бір көлдің бірнеше аумағында судың температурасы әр түрлі болуы мүмкін дейді құтқарушылар. Сәйкесінше, бір жерде мұз қалыңдау болса, екінші жерде тіптен жұқа болуы мүмкін. Сондықтан, қармақшыларға қауіпсіздік ережелерін қаперде ұстау керек. Өйтпесе, ермекке асығам деп, өмірмен қош айтысу ғажап емес.

Ерік Сарыбаев, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Мұз әлі бізде қатқан жоқ. Кей жерлерде 4 сантиметрге енді-енді барып жатыр, ал былайша бұл көзге алдамшы. Көлдің, өзеннің бетінде мұз қатқан болып көрінеді. Жерге жақын орналасқандықтан, жағалау жақта мұз қалыңдау болады да, соған адамдар алданып, балық аулау кезінде ары қарай барады. Кейін мұз сынып, суға кету жағдайлары орын алып жатыр.

Жұқа мұзға шықпау керек, ал оның жарылған жерлерінен аулақ жүрген абзал. Сондай-ақ, ауа температурасын ұдайы бақылап отырып, жылы киінген жөн. Құтқару жилеті міндетті түрде болуы тиіс. Басты қағидалар – осы. Ережелерді ТЖД мамандары экстремал-балықшылардың көкейіне арнайы рейдтердің барысында құюға тырысады. Мұндай профилактикалық шаралардың / жыл басынан бері 200-дейі жүргізілген.

 

Саят Ермек