МәдениетТұлға

Бейімбет Майлиннің туғанына – 125 жыл

Көрнекті жазушы, ақын, драматург, публицист, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Биыл Бейімбет Майлиннің туғанына 125 жыл толып отыр. Осыған орай бүгін облыстық кітапханада жастардың қатысуымен әдеби жиын өтті. Шарада қазақтың біртуар ұлының өмірі мен шығармашылығына шолу жасалды.

Бейімбет Майлин 1894 жылы 15-ші қарашада Қостанай облысында дүниеге келген. Бір жасқа толмай жатып әкесінен, алтыға шығарда шешесінен айрылады. Осылайша, қазақтың көрнекті жазушысы жетімдіктің ащы дәмін ерте татып, қиындық көріп ер жетеді. Кейін 1911-1915 жылдар аралығында Троицк қаласындағы медресеге оқуға түседі. Білім алып жүрген кездері әдебиетке араласып, алғашқы мақалаларын жаза бастайды. Оның қаламынан шыққан «Күлпәш» және «Шұғаның белгісі» сынды повестер әлі күнде оқырманын жоғалтқан емес. Сондай-ақ, Бейімбет Жармағамбетұлының 15-ке тарта повесі, “Азамат Азаматович” атты романы бар.

Ал 1938 жылы «Амангелді» атты туындысына алғашқы дыбыстық фильм түсіріледі. Онда 1916 жылдардағы Торғайдағы көтеріліс жайлы баяндалады. Сондай-ақ, ұлт-азаттық көтеріліске қолбасшылық еткен Амангелді батыр және оның сарбаздарының ерлігі көрсетілген. Биыл Бейімбет Майлиннің дүниеге келгеніне 125 жыл толып отыр. Осыған орай облыстық кітапханада жиын өткізілді. Шараға Бейімбет Майлиннің немересі Дәметжан Сейітжанованың өзі келіп, жерлестерімізге атасының өмірі жайлы біраз әңгіме айтты.

Дәметжан Сейітжанова – Бейімбет Майлиннің немересі:

– Бейімбет және Гүлжамал Майлиндердің 5 баласы болды. Артынан барлығы жастайынан жетім қалады.

Сондай-ақ, жиын барысында Бейімбет Жармағамбетұлының атқарған қызметі мен шығармашылығына шолу жасалынды. Жазушының қазақ әдебиетінде алатын орны жайлы айтылды.

Жанбай Қадыров – М.Қозыбаев атындағы СҚУ профессоры:

– Бейімбет – аса көрнекті жазушы. 20-шы ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің іргетасын қалаған.

Диас Аяған – Ерік Асқаров атындағы жас ақындар мектебінің шәкірті. Жас ақын өзінің Бейімбет Майлинге арнап жазған өлеңін оқып берді.

Аида Романқызы М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде оқиды. Болашақта мұғалім болуды армандайтын бойжеткен қыз Бейімбет Майлиннің туындыларын сүйіп оқиды екен.

Аида Романқызы – М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжінің студенті:

– Бүгінгі кеште Бейімбет Майлиннің “Сағындық” атты поэмасын оқып беремін. Онда бір баланың тағдыры жайлы жазылады.

Жалпы, жиынға тыңдаушы ретінде 60-қа жуық жас қатысты. Дені – оқушылар, колледж пен университет студенттері.

 

Маржан Касымбек