Қайырымдылық

Еріктілер ме, әлде алаяқтар ма

Осымен үшінші ай Петропавлда қолдарына жәшік ұстаған, сары майкалы жастар жүр. Оларды шаһардағы ірі сауда нүктелері мен базарлардың маңында кездестіруге болады. Өткен-кеткендерден науқас балаларға көмек көрсетуді сұрайтындарға тұрғындар күдікпен қарайды. Көбі бұқараны алдап жүрген көз бояушылар ма деп сезіктенеді.

Ботагөз Тасболатова дүкенде сатушы болып жұмыс істейді. Бірақ, күн сайын негізгі жұмысынан кейін ол сары жилет киініп, қолына қорабын алып, көшеге шығады. Қайыр емес, көмек сұрамаққа. 25-тегі нәзікжанды – “Үміт жарығы” қайырымдылық қорының еріктісі.

Бұл – шаһардағы ірі сауда орны. Кіріп-шығып жатқандар көп. Ботагөз жұртшылықтан Айдар Әлиге көмектесуді өтінуде. Қостанайлық балғын ауыр дертке шалдыққан, еміне қомақты қаражат керек. Балақайдың тағдыры еріктіні қатты алаңдатады, өйткені, оның өзі – ана.

Ботагөз Тасболатова, «Үміт жарығы» қайырымдылық қорының еріктісі:

– Менің 2 балам бар. Сондықтан, баласы дертке шалдыққан ата-аналардың жағдайын түсінемін. Бүлдіршіндердің жазылып кетуіне титтей болса да өз үлесімді қосқым келеді. Ерікті болып жүргеніме 2 ай болды.Қорапқа шама-шарқынша ақша салып жатқандар баршылық, елемей өте шыққандар да жететін. Өйткені, көбі сенбейді. Еріктінің сөзінше, бұл – қалыпты жағдай. Бірақ, сорақысы сол – “қайыршылар” деп тіл тигізіп кететіндер де көп көрінеді.

Ботагөз Тасболатова, «Үміт жарығы» қайырымдылық қорының еріктісі:

– Қайыр сұраудан ұялмайсыңдар ма?”, “Адамдарды неге алдайсыңдар?” деп кейбірі ұрсып жатады. Бірақ, бұған көңіл аудармауға тырысамын. Мен үшін ең бастысы – көмекке мұқтаждарға қол ұшын созу. Сондықтан, бұл істі жалғастыра бермекпін.

Қолына шағын қорап ұстаған еріктілерді қала бойынша кезіктірген де боларсыз. Осы орайда “Үміт жарығы” қайырымдылық қорына бас сұқтық. Бұл – 2017 жылы құрылған, ресми түрде тіркелген ұйым екен. Қазақстанның 6 қаласында филиалы бар. Петропавлдағы бөлімше тамызда ашылыпты.

Диляра Зуева, «Үміт жарығы» қайырымдылық қорының менеджері:

– Біз мүгедек балаларға, ауыр дертке шалдыққан бүлдіршіндерге, жетімдерге және тұрмысы төмен жаңдарға арнап қаржы жинаймыз. Науқас балғындардың көбіне қымбат ота не анализдер жасату керек, ата-аналардың көпшілігінің қалтасы мұны көтермейді. Қажетті ақшаның бір бөлігін жинап, оларға аударамыз. Қиындыққа тап болған кез келген отандасымыз қорға хабарласа алады. Бірақ, көмектеспес бұрын құжаттарын қарап, диагнозын білеміз.

Қаражат тек бұқарадан жиналады. Алайда, сағаттап көшеде тұруға ешкімді мәжбүрлемейміз дейді мұндағылар. Еріктілер қорға ерікті түрде келеді екен. Жұмысы үшін оларға ақша да төленбейді, тек тамағы мен жолына азын-аулақ өтемақы беріледі. Әрқайсысының қолында мынадай папка бар. Анықтамалар, науқас баланың сырқатнамасы, келісім шарттар мен қордың ресми түрде тіркелгені жайлы ақпарат. Сенбестік танытқандар осы құжаттарға көз жүгірте алады.

– Мен сенемін. Өйткені, өткен жолы құжаттардың барлығын қарап шығып, көз жеткіздім. Сондықтан, жиі ақша салып тұрамын.

– Көрмегенсіп өтіп кете алмаймын. Қалтамда тиын-тебенім болса, міндетті түрде саламын. Науқас балаларға қоғам болып көмектесу керек. Мына жастардың алаяқтар емес екенін білемін, жүрегім сезеді.

“Үміт жарығы” еріктілерінің саны Петропавлда 10-ға жуықтайды. Басым бөлігі кәмелет жасқа толмағандар екен. Сабақтан кейін олар үйлеріне емес, науқас балақайларға қол ұшын созуға асығады.

Диляра Зуева, «Үміт жарығы» қайырымдылық қорының менеджері:

– Жасы 18-ге толмағандар көшеде 3 сағаттан артық тұрмайды, бәрінде ата-анасының рұқсаты бар. Біз заң бойынша жұмыс істейміз. Десе де, мұндай еріктілерімізді ювеналдық полиция инспекторлары жиі тексереді.

Олар құжаттарды көрсетуді талап етіп, жасөспірімдердің ата-аналарын шақырады, газельге отырғызып, ұзақ профилактикалық әңгіме де жүргізеді. Тіпті, арнайы рейдтерді де ұйымдастырады екен. Соңғысы қарашаның бірі өтіпті. Инспектор Константин Петровтың сөзінше, тексеру – бұл тәртіп сақшыларының жұмысы.

Константин Петров, Петропавл қалалық ПБ ювеналдық полиция бөлімінің аға инспекторы:

– Рейд барысында Әкімшілік кодекстің «Қайыр сұрау» бабы бойынша заңбұзушылық анықтамадық. Тиісті рұқсатнамалар бар, қор ресми түрде тіркелген. Сондықтан, ешкім де жауапкершілікке тартылған жоқ. Алайда, көшеде ақша жинап жүрген балаларды көргенде оларға жақындап, құжаттарын қарап, бірден заңды өкілдері мен қамқоршылық орган өкілдерін шақыруға біз заң бойынша міндеттіміз. Бұл – біздің жұмысымыз ғой. Сондықтан, қор өкілдері де, еріктілер де мұны түсінуі керек.

Десе де, мұндай тексерістердің жиілігінен ерікті жасөспірімдер игі істен бас тартып жататын көрінеді. Сондықтан, көшеге шығып, көмек сұрайтын белсенділердің саны күн санап қысқаруда дейді “Үміт жарығы” қорында. Бүгінге дейін қор Қазақстан бойынша 8 балақайға көмек қолын созған. Және тағы 5-уіне жәрдем беру қажет.

Саят Ермек