МТРА жаңалықтары

Қазақстан мен Ресейдің 16-шы өңіраралық ынтымақтастық форумы

Омбы қаласында бүгін Қазақстан мен Ресейдің 16-шы өңіраралық ынтымақтастық форумы тәмамдалды. Дәстүрлі жиын кеше бастау алған болатын. Форумның бірінші күнінде түрлі салаларда екі ел арасындағы әріптестікті дамыту әлеуеті сөз болды. Бірнеше дөңгелек үстелдер мен дискуссиялар өтті. Өндіріс және экспорттағы шикізатсыз өнімнің үлесін арттыруда екі ел қоян-қолтық жұмыс істеуден мүдделі.

Ал туризм мен цифрлық технологиялар салаларындағы мүмкіндіктерін қос тарап ауқымды көрмеде паш етті. Оған қазақстандық және ресейлік 50-ге тарта компания қатысты. Ынтымақтастық форумында аймақ басшысы Құмар Ақсақалов бастаған СҚО-ның делегациясы да болды. Оның құрамына беткеұстар бизнесмендер, басқарма басшылары, қоғам белсенділері мен жастар кірді. Жерлестеріміз ресейлік әріптестерімен тәжірибе алмасып, бірқатар іс-шараларға қатыса алды. Айта кеткен жөн, саммитте қаузалған тақырыптардың арасында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселесі де бар. Ал Қазақстан мен Ресейдің белсенді әрі табысты жастары өңіраралық форум алаңында алғаш рет бас қосты. Ал бүгін, саммиттің екінші күнінде екі елдің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин кездесті.

Байболат  Култанов