Қоғам

Еріктілердің «Ізгілік елшісі» атты басқосуы өтті

Жастарды адамгершілік пен жанашырлыққа және сыйластыққа тәрбиелеу. Облыс орталығында еріктілердің «Ізгілік елшісі» атты басқосуы өтті. Оған өңіріміздің әр түрлі волонтерлік ұйымдары қатысты. Жиын барысында олар өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, пікір алмасты.

«Ізгілік елшісі» жобасына студенттерден құралған еріктілер тобы кіреді. Ол – жастарды қайырымдылық жасауға шақыру мен еріктілер қатарын көбейтуге бағытталған бастама. Бұл іс Алматы қаласынан бастау алған болатын. Қазір ол біздің өңірде де жүзеге асырылып жатыр.

Ернар Баянғазин – ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Жиналыстың мақсаты – жастардың басын қосу. Және олардың жұмыстарын жүйелеу, бағыттарын саралау. Сондай-ақ, қандай да бір мәселелері болса оларға көмектесіп, жол көрсету. Осылардың барлығын ортаға салып талқылау үшін жиналып отырмыз.

Жастар арасында еріктілер қозғалысын дамытып, оларды қайырымдылық пен белсенділікке тартудың маңызы зор. Оған жоғарғы оқу орындарында құрылған еріктілер топтары белсене ат салысуда. Шара барысында «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесінің өкілі Айнұр Әбілтаева университет волонтерлерінің жетістіктеріне тоқталды.

Айнұр Әбілтаева, «М.Қозыбаев атындағы СҚУ» КЕ АҚ «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесінің өкілі:

– Қазіргі күні университет қабырғасында 800-ге жуық ерікті бар. Олар белсенді жұмыс атқарады, түрлі маңызды іс-шараларға қатысады. Мәселен, «ЕХРО-2017», Алматы қаласында өткен универсиада, 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумына ат салысты. Қазіргі күні Үндістан елінен келіп білім алып жатқан жастар да қатарымызға қосылуда.

Жастардың алға қойған мақсаттары көп. Белсенділер қайырымдылықтан бөлек, тұрғындарға медициналық көмек те көрсеткіміз келеді дейді. Дәрігер мамандығына оқып жүрген жастар тұрғындарға емдік дене шынықтыру жаттығуларын насихаттағысы келеді. Бұл өз кезегінде жалпы денсаулықты жақсартпақ. Бұл бастаманы студенттер қараша айының соңында қолға алмақшы.

Бердімұрат Баймұқан