Денсаулық сақтау

Суицидтің алдын алу жайы талқыланды

Жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу! Өзекті тақырып “Денсаулық” коммерциялық емес жеке меншік мекемесінде өткен жиында талқыланды. Оған шаһардағы оқу ошақтарының психологтары мен аталған ұйымның қызметкерлері қатысты.

Жанұядағы жанжал, балалар арасындағы әлімжеттік, жауапсыз махаббат! Міне, көбінесе осы жайттар суицидке алып келеді. Мұны мамандар айтып отыр. Денсаулық сақтау саласы өкілдерінің бөлісері бұл ғана емес. Олардың сөзінше қазіргі күні Қазақстан өз-өзіне қол жұмсайтындардың саны бойынша әлемде 3-орында тұр. Әрине, өте өкінішті статистика. Ең сорақысы елімізде, оның ішінде аққайыңдар өлкесінде 15 пен 17 жас аралығындағы өрімдей ұл-қыздар суицидке өзгелерге қарағанда жиі барады екен.

Қадырбек Болатбаев – “СҚО бойынша салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы” ЖШС директоры:

– Үстіміздегі жылдың 7 айы ішінде өңірімізде 15 пен 17 жас аралығындағы 9 адам өз-өзіне қол жұмсап, қаза тапты. Олар – біздің жастар, біздің еліміздің болашағы еді. Бірақ, суицидке барып, өмірлерімен қоштасты. Осы жанымызды қатты үрейлендіреді.

Суицидтің алдын алу қажет! Қазір бұл жайлы жер-жерде айтылады. Бұл туралы бүгін “Денсаулық” коммерциялық емес жеке меншік мекемесінде де сөз болып жатыр. Мұнда жергілікті оқу ошақтарының өкілдері мен ұйым қызметкерлері жиылған. Алдымен психолог ортаға шықты. Ол қазіргі жастардың психологиясына мектептегі жағдай көп әсер етеді дейді. Яғни, ұл-қыздар ұзақ сабақтан, күрделі тапсырмалардан жалығып, терең ойға түсіп жүреді. Салдарынан өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін. Бұған жол бермеу үшін үйде қолайлы атмосфера қалыптастыру қажет екен. Сонда баланың көңілі ауланып, бойында сенімділік пайда болады. Жиында психиатр-дәрігер де ой бөлісті.

Александр Жуков – “Денсаулық” коммерциялық емес жеке меншік мекемесінің психиатр-дәрігері:

– Көп жағдайда суицидті күйзелісте жүрген адам жасайды. Сондықтан, ата-аналар балаларымен жиі сөйлесіп тұрғандары жөн. Егер де олар ұл-қыздарының бойынан ашушаңдық, уайым, реніш және бір нәрседен жалығу белгілерін байқаса психиатрға немесе психологқа жолығу керек. Біз келушімен сөйлесеміз, ақыл-кеңесімізді береміз.

Алдағы уақытта маманның көмегіне онлайн режимде де жүгінуге болады. Бүгінгі күні Қазақстанда арнайы жоба әзірленіп жатыр екен.

Қадырбек Болатбаев – “СҚО бойынша салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы” ЖШС директоры:

– Осы уақытқа дейін еліміздің бірқатар өңірінде пилоттық жоба жұмыс істеді. Жаңашылдық арқылы кез келген жасөспірім анонимді түрде республикалық орталықтың өкілдеріне өзін толғандырған мәселені жеткізе алады. Мамандар жастардың проблемасын оқиды, тыңдайды. Кейін, өздерінің ойларымен бөліседі. Мұндай бағдарлама жасөспірімдер арасында орын алатын суицидтің деңгейін төмендетуге ықпал ететініне сенімдімін.

Сөз соңында айта кетейік, тың жоба Қазақстанда биыл немесе келер жылдың басында іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Байболат Бектемірұлы