МТРА жаңалықтары

“Qyzyljar” футбол клубы марапатталды

1-ші лиганың чемпионы атанған “Qyzyljar” құрамасы марапаттарын алды. Оқушылар сарайында футболшыларды ұлықтау рәсімі өтті. Бапкерлер, дәрігерлер мен клуб әкімшілігі де назарсыз қалмады. Салтанатқа отандық футбол федерациясының өкілдері және аймақ басшысы Құмар Ақсақалов қатысты. Өңір жетекшісі тарихи жетістіктен кейін командаға көрсетілетін қолдаудың күшейетінін жеткізді. Өйткені, алдағы маусымда “Qyzyljar” премьер-лигада өнер көрсетпек.

Қарашаның 3-і, жексенбі. Теріскейлік футбол тарихына бұл күннің алтын әріптермен жазылары сөзсіз. Маусымның шешуші кездесуін “Qyzyljar” сенімді жеңіспен аяқтап, 1-ші лиганың жеңімпазы атанды. Бұл белесті жергілікті клуб бірінші рет бағындырып отыр.

Солтүстікқазақстандық футбол қаһармандары міне отыр. Шыны керек, маусымды олар сәтсіздеу бастады, бірақ чемпион ретінде аяқтай білді. 17 жеңіс, 2 сәтсіздік, ал 7 кездесуде – тең есеп. Жалпы саны 26 ойында 58 ұпай жинап, “Qyzyljar” турнирлік кестенің басынан көрінді. Бұл жетістіктің артында қажырлы еңбек жатыр.

Максим Драченко – “Qyzyljar” ФК жартылай қорғаушысы:

– Әрине, маусымды жақсы қарқынмен бастауға болар еді, бірақ қазір бұл маңызды емес. Бастысы нәтиже емес пе?! Бас бапкер біздің алдымызға міндет қойды, команданың әрбір мүшесі оны орындауға тырысып бақты. Сәтті өнер көрсетеміз десек, осындай ауызбіршілік алдағы маңызды маусымда да сақталуы тиіс.

Али Алиев – “Qyzyljar” ФК бас бапкері:

– Бұл алтын оңайлықпен келген жоқ. Жеңіске қол жеткізу үшін бапкерлік құрам бар күшін салды. 30 адамды жаттықтыру оңай емес. Әр ойыншының өз мінезі бар, ойыншылардың мүмкіндіктері де әр түрлі. Команданың жұмысын бір арнаға тоғыстыру үшін жарты жыл жұмсадық. Көріп отырғандарыңыздай, нәтижесі керемет.

Алдағы маусым “Qyzyljar” үшін аса маңызды болмақ. Келер жылы жергілікті команда отандық үздік клубтармен иық тірестіріп, премьер лигада ойнайды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгінгі қуанышты біз алғашқы қадам деп түсіну керекпіз. Бірінші лигада жақсы ойын көрсету – бұл бірінші қадам, ал премьер лигада жақсы ойын көрсету – ол екіншісі. Келесі жылы да жақсы ойын өрнегін көрсетіңіздер, міндетті түрде.

Сүйікті клубының жеңісі жанкүйер Бекжан Жамбетовті де шексіз қуанттты. “Qyzyljar”-дың “Қарасай”-дағы бірде-бір ойынын ол себепсіз босатқан емес. Әр матчта тамағы қарлыққанша айқайлап қолдау көрсетеді. Бекжан ағаның сөзінше, тарихи жетістіктен кейін жергілікті клубтың тынысын кеңейтер кез келді. Ең алдымен қаржылық тұрғыда.

Бекжан Жамбетов – жанкүйер:

– 11 кісі ғана ойнамайды ғой, егер біз бәріміз стадионға барсақ, біз 12-ші футболист боламыз. Жігіттердің жеңісі сол 12-ші футболистің арқасында деп ойлаймын. Оны жігіттер маған бірнеше рет айтты да. баршаңызды шақырамын, келіңіздер!

Қаржылай қолдау арта түспек. Аймақ басшысы уәде берді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Со своей стороны мы поддержим команду в финансовом плане.

Құмар Ақсақаловтың бұл сөздерін залдағылар үлкен қошеметпен қарсы алды.

Ал енді ең маңызды сәт – бірінен соң бірі “Qyzyljar”-лықтар маңдай терімен иеленген алтын медальдарын тағынуда. Клубты тарихтағы алғашқы жетістікке жетелеген бас бапкер Али Алиевке алқаны облыс әкімінің өзі табыстады. Ал бұл – “Qyzyljar”-дың 1-ші лига чемпионы екенін дәлелдейтін басты марапат. Оны қолға алғанда футболшыларымыз қуаныштарын жасыра алмады.

Ұлықтау рәсімі аяқталған соң да, тарасуға ешкім асықпады. Футболшылар жанкүйерлері мен туғандарынан құттықтаулар қабылдап, фотоға түсіп әлек. Алда оларды бірер айлық демалыс күтіп тұр. Бұл аралықта бірқатар ойыншылардың басқа командаға ауысуы әбден мүмкін, өзгеріссіз, әрине, болмайды. Ал жаңа құрам бекітілген соң “Qyzyljar” отандық премьер-лигадағы ойындарға әзірлікті бастамақ.

Саят Ермек