Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдіктің отырысы өтті

Жолдар сапалы жөнделіп, уақытылы тапсырылуы тиіс. Әрі қысқы кезеңге тиянақты дайындалу қажет. Әр қызмет көрсетуші компанияда тегеурінді техника, инертті материалдар болуы міндетті. Дәл осындай тапсырманы облыстық әкімдіктің отырысында өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов жүктеді. Тағы, жиында аймақ басшысы «Нұрлы жол» және өзге де бағдарламалар аясында өлкемізде атқарылған шаруаларға тоқталды.

Елімізде инфрақұрылымды дамыту бойынша «Нұрлы жол» бағдарламасы жұмыс істейді. Оның аясында соңғы 3 жылдың ішінде СҚО-на 30 млрд теңге бөлініпті. Қомақты қаржы жолдарды жөндеуге, су және жылу құбырларын тартуға жұмсалған. Яғни, адамдардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. 2020-да мемлекеттік жобаның келесі бес жылдығы бастау алады. Әкімдік отырысында бұған қазірден әзірлену қажетпіз деді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов. Өз сөзінде өңір жетекшісі «Нұрлы жол»-мен қатар өзге де бағдарламалар бойынша атқарылған шаруаны жіпке тізді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қолға алынған барлық бағдарламалар аясында жалпы ұзындығы 37 шақырымды құрайтын 22 нысан салынды және қайта қалыпқа келтірілді. Олар жылу және су желілері болып саналады. Іске 14 млрд теңге жұмсалды. Атқарылған жұмыстың арқасында құбырлардың тозу деңгейі 70-тен 61%-ке дейін төмендеді. Жайлылық көрсеткіші жоғарылады. Мұны тұрғындар байқап жатыр.

Ауылдарға су құбырларын тарту! Бұл іс өңірімізде қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Мысалы, 3 жылдың ішінде өлкеміздегі 90 елді мекенге тіршілік көзі жетіпті. Маңызды шаруаға 25 млрд теңге жұмсалған екен. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Болашақта әр үйге ауыз су тартылмақ. Облыста жолдар да жөнделіп жатыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жалпы, осы 3 жылдың ішінде жолды жөндеуге біраз ақша бөлінген. 76 млрд теңгеден аса қаражат бөлінді. Осының арқасында 1900 шақырым жол жөнделді. Бұл – барлық бағдарламалар арқылы.

Жолдар жай ғана жөнделе салмай, сапалы, толық жөнделуі тиіс. Әрі іске бағытталған қаржы 100 пайыз игерілуі міндетті. Мұны жиында облыс әкімі Құмар Ақсақалов қадап айтты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

–  “KAZ FORTIS” ЖШС 61 млн теңгені иегермеді. Яғни, осынша ақшаға Заградовка селосына кіреберіс аумақ пен Пресновка-Благовещенко-Қайранкөл тас жолына жөндеу жасамады. Өкінішке қарай, арамызда осындай компаниялар бар. Олар тендерді ұтып алып, жөнді жұмыс істемейді. Бұл жайлы жиі айтылуы қажет. Мақсатымыз – осындай жауапсыз ұйымдардың, фактілердің санын азайту.

Жөнді жұмыс істемеген, әсіресе істі уақытылы тындырмаған мердігерге айыппұл санкциясы бекітіледі. Сомасы қомақты. Бұл туралы жиында сөз алған облыстық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Балахонцев тілге тиек етті.

Владимир Балахонцев – СҚО жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– Егер де компания жұмысты уақытылы аяқтамаса келісім шартта көрсетілген сомаға сәйкес әр күндік өсімпұл тағайындалады. Оның құны бекітілген қаржының 0,1% құрайтын болады. Бұл – 200-300 мың теңге.

Жиында Құмар Ақсақалов өсімпұл көлемін 1 пайызға дейін асыру қажет деді. Жауапкершілік сонда артады. Ал, енді ауыр жүк көліктеріне келейік. Дәл осы темір тұлпарлар жолдарды бүлдіруде. Бұған тыйым салынды. Бірақ, бұл бағытта шаруа сылбыр жүргізілуде. Осы күнге дейін өңіріміздің 8 бірдей ауданында небәрі 50 ғана тыйым салу белгісі орнатылыпты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Барлық жолды жабыңыздар. Қажет болса біз қосымша қаржы бөлеміз, тыйым салу белгілерін арттыру керек. Осылайша шамадан тыс жүк артқан көліктерді жүргізбеуге міндеттіміз. Бұл бағытта жол полициясы жұмыс істеуі тиіс.

Жолдардың сапасына ылғал да кері әсер етеді. Сондықтан, алдағы қыс мезгіліне сақадай сай болуымыз қажет. Яғни, көктайғаққа қарсы инертті материалдарды, қар тазалағыш заманауи техниканы әзірлеу керек. Ескі, жарты жолда сынып қалатын көліктерден пайда шамалы. Мұны өңір жетекшісі аудан әкімдеріне қатаң түрде ескертті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жамбыл ауданындағы “Жамбыл-Ақжол” ЖШС 426 шақырым жолға қызмет көрсетеді. Кәсіпорынның 7 бірлік техникасы бар. Тексеріс кезінде осы көліктердің 4-еуі іске жарамсыз деп танылды. Оның үстіне компанияда инертті материалдар да болмады. Облыстың өзге де аудандарында осындай жағдай. Мен оған сенімдімін. Сондықтан, Антон Владимирович тексеріс жұмыстарын күшейтіңіздер. Серіктестіктерде дизелдік отын қоры жеткілікті болуы тиіс. Жылыну пункттері де құрылуы міндетті.

Ал кейбір аудандарда техника тапшы. Мысалы, Айыртауда қар тазалауға 3 бірлік көлік қана бекітіліпті. Оның біреуі іске жарамыз екен. Облыстық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы бұл мәселе жақын арада біржақты етіледі деп сендірді.

Байболат Бектемірұлы