Спорт

Жерлес футболшылар чемпион атанды

Жерлес футболшылар чемпион атанды. Кеше «Qyzyljar» ойыншылары қызылордалық «Байқоңыр» командасына қарсы кездесу өткізген болатын. Теріскейлік құрама ел біріншілігінің аясында өткізген ақырғы кездесуін 6:0 есебімен тәмамдады. Және премьер-лигаға жолдама алды.

–  «Qyzyljar» құрамасы ел чемпионатының 1-ші лига аясында өзінің соңғы ойынын өткізуде. Қазір олар өз алаңында қызылордалық «Байқоңыр» командасын қабылдайды. Бүгін олар үшін өте маңызды ойын. Өйткені, жерлестеріміз жеңетін болса чемпион атанады және Премьер-лигаға жолдама алады. Ойынды бірге тамашалайық.

Ойын өте тартысты басталды. Қос команда бір-бірінің қақпасына қауіпті шабуылдар жасап тезірек гол соғуға тырысты. Алайда, ұзақ уақытқа дейін есеп ашылмады. Жерлестеріміз бұрыштамадан да бірнеше рет доп көтерді. Гол ойынның 33-ші минутында соғылды. Павел Кривенцевтің пасын тиімді пайдалана білген Максим Драченко қарсыластарының қақпасынан саңылау тауып, есепті 1:0 қылды.

Осылайша алғашқы тайм да аяқталды. Теріскейдің күзгі қара суығына қарамастан «Qyzyljar» құрамасының жалынды жанкүйерлері өз командасын барынша қолдап жатыр. Тіпті, суықтан жаурағандарын да ұмытып кеткен секілді.

«Qyzyljar» құрамасының ойыншылары намысты қолдан бермеулері керек. Екінші таймда да жерлестеріміз жоғары дәрежедегі ойын көрсетті. Кездесудің 54-ші және 62-ші минуттарында Қасым Әлібек пен Ерасыл Аманжол қонақтардың қақпасына тағы 2 допты тура бағыттап есепті 3-0 қылды. Енді лига кубогі қызылжарлықтардың қолында дей берсе де болады. Бірақ, ойын соңына дейін әлі жарты сағат бар. Алайда, жерлес аяқдопшылар дәл осы қарқыннан таймай «Байқоңыр» құрамасының қақпасына тағы 3 голды тура бағыттап кездесуді 6-0 есебімен тәмамдады. Осылайша «Qyzyljar» құрамасы жоғарғы лигада өнер көрсетуге жолдама алды.

Ильдар Аитов, «Qyzyljar» ФК капитаны:

– Ең алдымен жанкүйерлерге алғыс айтамын. Ауа райының ыстығы мен суығына қарамастан әр ойынға келіп қолдау көрсетіп отырады. Әріптестерім мен жаттықтырушыларымызға да көп рахмет. Бұл жеңіске барлығымыз бірге жеттік деп айтқым келеді. Енді жоғарғы лигада жақсы өнер көрсетуге тырысамыз.

Сондай-ақ, жерлес футболшыларды жеңістерімен құттықтау үшін алаңға облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов шықты. Ол «Qyzyljar» командасына алдағы Премьер-лига ойындарында сәттілік тіледі.

Марат Тасмағанбетов – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Сіздер солтүстікқазақстандықтардың үміті мен сенімдерін ақтап үлкен жеңіске қол жеткіздіңіздер. Сіздерді құттықтаймын. «Qyzyljar» алға!

Осылайша «Qyzyljar» құрамасы 1-ші лиганың чемпионы атанды. Олар маусым басталғаннан бері 58 ұпай жинап жоғарғы лига табалдырығын аттады.

Бердімұрат Баймұқан