Құқық қорғау органдары

СҚО-да су шаяндарын заңсыз аулаған браконьерлер ұсталды

Өңірде артемия желбезекті су шаяндарын заңсыз аулаған браконьерлер ұсталды. 4 бірдей фактіні тәртіп сақшылары Жамбыл мен Тайынша аудандарында әшкерелеген. Шаяндардың 5,5 тоннасын қаскөйлер заңсыз саудаламақшы болыпты. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр.

Артемия салина шаяндары косметология мен фармакологияда кең қолданылады, сондықтан оларға нарықта сұраныс жоғары. Облысымызда су жануарлары бірнеше жалдамалы тұзды көлдерде заңды түрде ауланады. Алайда, тиісті шаруашылықтардың жұмысшылары ауланған шаяндардың бір бөлігін өздеріне қалдырған. Ал өнімді тасымалдау барысында олардың тиісті рұқсат қағаздары болмай шыққан. Браконьерлерге енді 400 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге тура келеді. Заңбұзушылар арнайы жедел алдын алу шарасының барысында ұсталды. Айта кетейік, бір ғана қазан айында өңірде полицейлер жалпы табиғат заңнамасын бұзу бойынша 18 қылмыстық іс қозғапты.

Саят Ермек