Білім

“Отбасы құндылықтары” атты семинар-тренинг өтті

Бүгінгі күні еліміздегі әр 2-ші бала әлімжеттік көреді. Бұл жағдай әсіресе мектеп оқушыларының арасында жиі орын алады екен. Мұның қалай алдын аламыз? Мамандардың сөзінше ұл-қыздарға кішкентай күнінен отбасында дұрыс тәрбие беру қажет. Сонда жеткіншектер жаман әдеттерден аулақ болып өседі. Міне дәлосындай пікірлер облыс орталығында өткен “Отбасы құндылықтары” атты семинарда айтылды.

Үйдегі ұрыс, әке мен шеше арасындағы жанжал және әйелдің күйеуінен көрген зорлығы. Осының барлығы отбасы мүшелерінің психикасы мен өміріне кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. Залда жиналғандар жергілікті билік органдарымен бірлесіп отбасындағы зорлық-зомбылыққа, мектептерде балаларға қоқан-лоқы көрсету және буллингке жол бермеу мәселесін талқылауда.

Вильдана Қожахметова – Отбасылық интеграцияланған қолдау орталығы «ONEGE» жобасының кейс-менеджері:

– Қазақстанның 9 аймағында “Өнеге” деген жоба өз жұмысын атқарды. Енді алдағы уақытта біздің жобамыз жалғасын табу үшін мемлекеттік органдарға жүгінгіміз келіп отыр.

Мәселен, жақында мынадай жағаұстатарлық бейнематериал әлеуметтік желіде таралған болатын. Мұнда мектеп оқушылары өзінен бірнеше жас кіші баланы соққыға жығып жатыр. Олар балаға әлімжеттік жасап қана қоймай оның үстіне видеоға түсіріп келемеждеуде.

Мұндай қиянаттан соң жәбірленуші көбінесе жасқаншақ болып немесе өмірге басқа көзқараспен өседі. Тіпті, өз-өзіне қол жұмсауы да мүмкін. Қазіргі күні осындай қоқан-лоқы көріп жүргендер баршылық. Бірақ, олардың мұны әке-шешесі мен жақындарына айтуға батылы жетпейді. Міне, осы сияқты жәбір көрген адамдар үшін өңірде арнайы қолдау орталықтары жұмыс жасайды.

Наиля Тютюник – №1 қалалық емхананың психологы:

– Балаға ең алдымен дұрыс тәрбие берілуі қажет. Мұнда, әрине әке-шешенің атқаратын рөлі зор. “Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі” дегендей олардың үйде жасайтын әрекеті балаға тікелей әсер етеді. Күйеуінің өз әйеліне қол көтеруі, олардың арасындағы жанжал. Міне, осылардың барлығын көріп өскен бала болашақта дәл сондай қадамға баруы мүмкін.

Сондай-ақ, күйеулерінен жәбір көрген нәзікжандылар үшін қазіргі күні облысымызда арнайы кризистік орталықтар жұмыс жасайды. Мұнда көмекке жүгінгендерге әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар жәрдем көрсетеді.

Бердімұрат Баймұқан