Қайырымдылық

Пластик қақпақтарды кәдеге жарату акциясы жүріп жатыр

Пластик қақпақтарды жинап, жақсылық жаса. Петропавлда жаңа экологиялық әрі қайырымдылық акция өтіп жатыр. Шикізат қала бойынша 7 бірдей орында қабылданады. Алайда, шаһар тұрғындары игі жобаға қатысуда аса белсенділік танытып жатқан жоқ сыңайлы.

Дариға Мұхамедиянова 11-ші сыныпта оқиды. Экологиялық акция жайлы бойжеткен мен оның сыныптастарын ұстазы құлағдар етіпті. Оқушылар ақылдасып, игі іс жасауды шешкен. Олар 1 келіден артық пластик қақпақтарды жинаған. Бүгін оларды қабылдау пунктіне әкеліп отыр.

Дариға Мухамедиянова, М.Жұмабаев атындағы жоғарғы колледж жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейінің оқушысы:

–  Акция жайлы естіген соң оған бірден қатысуды шештік. Өйткені, пластиктің шіруіне 450-ден 1 мың жылға дейін уақыт керек. Бұл материал экологияға зиянды. Мұның бәрі бізге сабақтарда айтылады. Сондықтан, алдағы уақытта да қақпақтарды жинап, осында әкеліп тұратын боламыз.

Пластикті кәдеге жаратуға бағытталған бұл акция – волонтерлік жоба. Петропавлда ол қыркүйектің басында қолға алынған. Алайда, екі ай ішінде қақпақтардың небәрі 8 келісі жиналыпты. Аз болса да, бастаманың бар екені игі істің басы-қасында жүргендерді қуантады. Шикізат жергілікті қайта өңдеуші кәсіпорындарға өткізіледі. Түскен ақшаның барлығы қайырымдылыққа жұмсалмақ.

Виктория Пешеходько, жобаны ұйымдастырушы:

– Ресейде “Мейірімді қақпақтар” атты қайырымдылық жобасы кең таралуда. Бұл акцияны оның баламасы деуге болады. Шаһарымыз кішкентай болғандықтан, шикізат әкеліп жатқандар аз. Сондықтан, түсіп жатқан қаржы көлемі де көп емес. Алайда, көп кешікпей петропавлдықтар белсенділік таныта бастайды деп сенемін. Пластик қақпақтар “Вторсырье” және “Радуга” серіктестіктерінің нүктелерінде қабылданады.

Мұндай қабылдау нысандарының саны Петропавлда 7-еу. Қақпақтардың 1 келісі үшін 40 теңге төленеді. Жиналған қаражат қаладағы  қожайындары тастап кеткен үй жануарлары паналайтын орынға аударылады. Ұйым үшін бұл аз да болса көмек. Экологиялық әрі қайырымдылық жоба жайлы толық ақпаратты әлеуметтік желілерде, #пластиквоблаго хэштегі арқылы білуге болады.

Саят Ермек